Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясында Бейнеу станциясынан бастап Өзен – Болашаққа дейінгі СОБ монтерлері мен механиктері ай сайын өндірістік оқытудан өтеді. Кесте бойынша осы айда 25-30 механик, цех жұмысшылары оқуға келді. Оларға тоққа түскендегі, күйген кездегі, қансырап қалғандағы, сынған кездегі алғашқы көмек көрсету жайында видеороликтер, плакаттар таныстырылды. Сонымен қатар, дистанциялық жоспарға сай әр айға белгіленген тақырыптар аясында дәрістер жүргізілді. Келген үйренушілер арнайы журналға тіркеліп, тақырыппен танысқандарын растады. Механиктер қорғану құралдары туралы кеңінен мағлұмат алды.─ Теміржол көлігіндегі сигнализация туралы нұсқаулық, ҚР-ның пойыздардың қозғалысы және темір жол көлігіндегі маневрлік жұмыс жөніндегі нұсқаулық, Темір жол көлігін техникалық пайдалану қағидалары. Теміржолдың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауда осы маңызды үш кітапты оқу міндетті, – дейді дистанцияның өндірістік оқыту шебері Динаш Илесова. Оның айтуынша, оқыту барысында көбіне көп ауқымды талқыланатын тақырып – қозғалыс қауіпсіздігі.