Ірілендірілген Арыс жол дистанциясындағы ақаутапқыш операторлар алты айда 2178 км станциялық, 11956 км басты жолдарды, 5082 бұрма мен 8200 дәнекерленген рельс түйіспелерін тексерген.  Бүгінде цехта 26 ақаутапқыш арбашықтың 23-і қолданыста. Үшеуі консервацияда тұр. Алты айда елуден аса маман жұмысының нәтижесінде 29 ақаулы рельсті анықталған. Кейбірінің пайдалану мерзімі асып кеткендіктен, ақаудың ішінде рельстің сынуы жиі кездескен. Енді басқалары зауыттан сапасыз болып келсе, рельстегі өзге ақау жолды нашар күтуден пайда болған. Операторлар тапқан сынық рельстің бәрін жолшылар уақытылы жаңалапты.   Жазда екі оператордан құралған бір бригада 7 км, қыста 6 км рельстерді арбашықпен жүріп тексеріп шығады. Бұл жұмыста қауіпсіздік сақшысындай тер төгіп жүрген Ербол Сахов, Ербол Сарыбаев, Нұржан Әліпбеков, Қуандық Қошбағаров, Жексенбек Ешпанов, Әлімжан Мырсыздықов, Әмірхан Әбдешбеков, Ержан Олжатаев, Нұрлан Бегалиев сынды бірқатар операторлардың еңбегі ерен. Олар өз міндетін атқарып-ақ, тонналаған жүк пен жолаушылардың барар жеріне дін-аман жетуіне себепші болып жүр. Мамандардың бәрі соңғы келген РДМ-22 арбашығында жұмыс істеуді жақсы меңгерген. Бұл техниканың жеңілдігі сол, бұрмалардың қалай тексерілгені, қай шақырымда қандай жылдамдықпен жүргені таспаға жазылады. Оператордың өзі де құрылғысын компьютерге салып, жүріп өткен  жолдағы рельстің қай жерінде сынық, жарықшақ барын таспадан қарап біледі. Әзірге цехта тоғыз РДМ-22 ақаутапқыш арбашығы жұмыс істейді. – Келешекте жаңадан РДМ-23 атты заманауи арбашықтың келетіні айтылуда. Онда спутниктік жүйеге сай, оператордың жұмыс барысындағы әрекеті, тексеруі 20-40 шақырым қашықтағы кеңседегі басшыға компьютерден айқын көрініп тұрмақ. Ол техника да көп ұзамай қолданысқа берілуі мүмкін,– дейді аталған цех бастығы Қалдыбек Сапыұлы.

Бекәли АЛТЫН, Шымкент