Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Сызбалар арқылы сақтайды
Оқуға 2 мин
Арыс белгі беру және байланыс дистанциясындағы технологиялық құжаттар бөлімі Арыс – Шымкент, Арыс – Сарыағаш, Арыс – Түркістан телімдеріндегі байланыс сызбасының ақаусыз жұмыс істеуін реттеп отырады.
Көзге көрінбегенмен, аса мұқият атқарылатын сызбаның нұсқаларын қарау, салыстырып реттеу осы бөлімде жасалады. Жіңішке сымдардан құралған схема арқылы бағдаршамдар уақытылы ашылып, бұрмалар автоматты түрде жабылатындықтан бұл істе қателікке жол берілмек емес. Ондай жағдайда арты апатқа соғатынын тәжірибелі инженер Әжібек Жүнісовтен бастап, Серік Құлдыбаев, Жанар Дәуренова, Дина Мұсаханова, Мәди Жауылбаев сынды СОБ байланыс инженерлерінің бәрі білгендіктен, жұмыстарына жауапкершілікпен қарап үйренген.
Бөлімшенің диспетчерлік орталықтандыру бөлімінде осы сызба нәтижесінже диспетчерлер Арыс – Сарыағаш, Шымкент – Арыс 2 телімінде қатынап жатқан пойыздарды таблодан көріп отырады. Ақдала бекетіндегі жолдардың ашық немесе жабық тұрғаны телесигнал арқылы естіледі. Қостүйін бекетін диспетчерлер орталықтан басқара алмайтындықтан, станцияда кезекші сигналды ашып-жауып отырады.
– Біздің міндетіміз үш бағыттағы телімнің схемаларын үш жылда бір тексеру. Өзгеріс жасайтын болсақ бас инженер құжаттарға қол қойып, Алматы мен Астанадағы зертхана орталығында жібереміз. Олар бекіткен соң, сызбаны толықтырамыз. Биыл Шеңгелді, Шағыр, Арыс-1, Арыс-2, Ақдала, Қостүйін, Қарақоңыр, Түркістан, Шойтөбе бекеттерінің және Арыс станциясындағы орталықтандырылған дөңестің де сызбасына өзгеріс жасап, енгіздік, – дейді аталған бөлімнің аға электр-механигі Дәрібек Әбзадаұлы.