Рельс арқалық зауыты ашылғалы, Ақтөбе іргесіндегі Қызғалдақты станциясының бағы жанды.  Өйткені, отандық рельс өнімдері осы Қызғалдақты арқылы жеткізе бастады. Бұл өз кезегінде осыған дейін шағын, елеусіз болып келген разъездің жан-жақты дамуына жол ашты. Былтыр бұл маңда Рельс дәнекерлеу кәсіпорнының іргетасы қаланды. Мұнда қысқа рельстерді жалғап, 800 метрлік өнім алуға болады. Қызғалдақты станциясына қосымша жолдар салынып,  құрылыс алаңдарына рельс тартылып,  бұрмалар орналастырылды. Электрлі орталық ғимараты салынып, оған қосымша тағы талай жаңа ғимараттар бой көтеріп, станция басы абаттандырылып, жалпы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Биылғы жылы мұнда ультразаманауи көліктік-логистикалық орталықтың іргетасы қаланды. Осы  көліктік-логистикалық орталық пен  Қазақстандағы ірі өндіріс орындарының біріне айналатын керамикалық гранит пен керамикалық тақташа шығару зауытының іргетасы қаланды. Жобалар мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған экономиканы жеделдетілген технологиямен жаңғырту  бойынша тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Инвесторлар сондай-ақ, мұнда барлық қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың, автокөлік пен теміржол көліктеріне арналған кірме жолдардың барын, энергетикалық ресурстардың салыстырмалы төмен бағасы мен өздеріне ұсынылған өзге де жеңілдіктерді жоғары бағалауда. Жаңа көліктік-логистикалық орталықтағы қаттау жүйесі SAP халықаралық стандартына сәйкес келіп, ал жүк өңдеу технологиясы автоматтандыру мен механикаландырудың жоғары деңгейіне ие болады. 2019 жылы қолданысқа берілетін орталық 120 адамға тұрақты жұмыс бермек.  Жыл соңына қарай керамикалық гранит пен керамикалық тақташа шығару зауытының бірінші кезегі іске қосылатын болады. Осының бәрі өз кезегінде Қызғалдықтының бұрынғыдан да дамып, тасымал көлемінің еселеп артуына септігін тигізбек. Демек, станцияның келешегі кемел деген сөз.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе