Зейнет демалысы алдында әріптестеріне волейболдан біріншілік өткізген Қандыағаш вагон пайдалану депосының вагон жөндеушісі Жұмабай Отарғалиевтің бастамасы көпке үлгі.  Пайғамбар жасына  толып, еңбек демалысына шыққалы отырған теміржолшы осы  күнді елеусіз қалдырмауға тырысып, теміржолшы  ардагерлер арасында волейболдан біріншілік ұйымдастырды. Ақтөбе көлік, коммуникациялар және жаңа технологиялар колледжінің спорт залына Ақтөбе жүк тасымалы және магистральдық желі бөлімшесінің, жол дистанциясының  ардагерлері үш топ болып ойнады. Белсенді қариялардың ширақ әрі шиеленісті ойынын қызықтағандар зейнет жасында болса да шаршы алаңда алқынбай жүгіріп жүрген аға буынның қимыл-қозалысына риза болып, қол соқты. Үш команда да тең түскен ойын «достық жеңді»  нәтижесімен қорытындыланды. Шараның ойдағыдай өтуіне атсалысып, ардагерге қолдау жасаған кәсіподақ комитеті  өкілдері ардагерлерге Алғыс хаттар мен сыйлықтарын табыстап, мерейтой иесіне оның есімі жазылған жейде мен шолақ шалбар  тарту етіп, зейнетке шықса да спорттық шаралардың басы-қасынан табылыңыз деген тілек айтты. Жастайынан спортты серік етуінің арқасында әлі күнге өзін тың ұстайтын Жұмағұл ақсақал да әріптестерін құр алақан қайтармай,  естелк сыйлықтар таратты.    «Теміржолда 40 жыл еңбек еттім. Атырау облысында туып өскенмін. Пойыз құрастырушы болдым, станцияда еңбек еттім. Жол салуға қатыстым. Хромтау – Алтынсарин мен Шалқар – Тассай теміржолының құрылысында еңбек еттім деп мақтана аламын.  Міне, Қандыағаш вагон депосынан зейнетке шығып барамын», – деген Жұмабай Отарғалиев зейнеткермін деп үйде отырмайтынын, қоғамдық жұмыстарды тастамайтынын, оның ішінде, спорттық шараларға белсене атсалысатынын жеткізді. Алдағы уақытта Бурабайда сала ардагерлері арасында өтетін ауқымды спорттық шараға қатысып, Ақтөбе өңірінің намысын қорғамақшы.

Асқар Ақтілеу, Ақтөбе