Алматы-1 – Шу телімінің Жиренайғыр – Қопа аралағындағы 30 км жол толықтай бітіп, қос жолды телімге қосылды. Соңғы үш-төрт  күнде алынған «техникалық толаскездер» жұмыс көрігін қыздырып, қос станция аралығындағы екінші жолдар құрылысын толық аяқтап, сәрсенбінің сәтіне пойыздар қозғалысына жол ашты.  Төрт жұмыс күнінде құрылысшылар аса ауқымды жұмыс көлемін игерді десек болады. Айта кетейік, екінші жолдың пайда болуымен аралықтағы Саз станциясы өзінің қызметін тоқтататын болды. Сондықтан толаскез кезінде ондағы стрелка бұрмаларын шешіп алып, жол төсеу, басқа да байланыс желілері мен материалдарды жинастырып, рельс-шпал торларын нығыздап, түзету, қиыршық тас төгу, тағысын тағы толып жатқан жұмыстарды құрылысшылар уақыт ұттырмай шапшаң қимылмен жүргізіп жатты. Құрылысшылармен қатар, энергетиктер мен байланысшылар  да өз жұмыстарын атқарып жатыр, жол бойындағы белгі беру құрылғылары,  тоқ көзі мен түйіспе желілерінің жұмысына жауап беретін олар да уақыттан ұтылмауға тырысуда. Құрылыс компаниясы жол жұмыстарын белгіленген уақытта бітіру үшін үлкен техника және адам күшін жұмылдырыпты. «Жетіген» жол машиналары станциясының  бірнеше бригадасы мен екі рельс төсейтін кран, стрелка бұрмаларын демонтаж жасайтын DESEC пен австриялық және француздық техникалардың сапалы жұмысын Алматы магистральдық желі бөлімшесі өкілдерінің қырағы көзінен тыс қалмауда. Ауқымды жұмыс көлемін сенбі мен жексенбі күндері атқарған құрылысшылар еңбегіне теміржолшылар да жоғары баға берді.  Дүйсенбіде тақ жолдар ашылған болса, сейсенбінің кешінде жұп жолда да жол жұмыстары толық аяқталды. Сәрсенбінің таңында жолды, бағдаршамдар мен байланыс қызметін тексеру үшін  тепловоз жүріп өтті.  Түске қарай энергетиктер қуат көзін қосып, қозғалысшылар бағдаршамның «жасыл» көзін жақты. Қос жолды телімде қозғалыс ашылды...

Ирина БЕКТИЯРОВА