Сұлугүл БАКЕСОВА
Сандық технологияға басымдық берілуде
Оқуға 2 мин
Елбасының биыл Қазақстан халқына Жолдауын орындау мақсатында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы темір жол шаруашылықтарына сандық технологияны дендеп енгізуге кірісті. Сандық технология – темір жол көлігіндегі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың жарқын көрінісі деуге болады.
Сандық технологияның бір тармағы деп, темір жол клиенттеріне бағдарланған маңызды жоба «Келісімшарт және коммерциялық жұмыс» автоматтандырылған басқару жүйесін атауға болады. Бүгінде аталған жүйемен еліміз бойынша 19 мыңнан астам жүк жөнелтуші жұмыс істейді екен. Қазіргі таңда 400-ден астам станция аталған жүйеге қосылып, 12 мың темір жол саласының қызметкері осы жүйемен жұмыс көрігін қыздыруда.
ҚТЖ-да сәтті жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі – «Энергодиспетчерлік тартым» автоматтандырылған басқару жүйесі. Үшінші жыл табысты жұмыс істеп жатқан жүйе тартымдық қызметке кететін отын-энергетикалық ресурстар шығынын бақылауға, төмендетуге және локомотив паркін пайдалану тиімділігін арттыруға негізделеді және өз тимділігін көрсетіп отыр. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында машинистердің электронды бағдарға көшу жобасы қолға алынып, ол өндірістік емес залалдарды қысқартуға, сенімді және дәл есеп жүргізуді арттырды.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген тағы бір маңызды жоба, Пойыздар қозғалысының болжамды, яғни варианттық кестесін жасауға арналған автоматтандырылған жүйе. Бұл жүйенің өндіріске енгізілуі, пойыз ағынының берілген параметрлері мен барлық өткізу жағдайын есепке ала отырып, пойыздар қозғалысының энергооңтайлы болжамды және ахуалдық кестесін жасауды автоматтандыруға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар аталған жүйе пойыздар қозғалысының болжамды және ахуалдық кестесін әзірлеу барысында берілетін «толаскездерді» жоспарлау үдерісін автоматтандырып, кестені локомотив бортына береді және де варианттық қозғалыс кестесінің орындалуын автоматты түрде талдамақ. Осы сияқты тағысын тағы жүзеге асырылып жатқан сандық технологиялар Ұлттық компания шаруашылықтарының жұмысын жеңілдетіп, шығынды төмендетіп, пойыздар қозғалысын сақтауға бағытталып отыр.