Салауатты өмір салтын серік етуді, түрлі спорттық сайыстарды ұдайы өткізуді дағдыға айналдырған семейлік теміржолшылар бұл жолы қала тұрғындарын сергектікке, шаһардағы экологиялық ахуалды жақсартуға үндеу ретінде велошеруге шақырды.    Қаладағы Павлодар бағытын бетке алатын Омбы – Майқапшағай күре жолының бойына жиналған теміржолшылар велошеруді бұқаралық деңгейде өткізуге күш салды. Бастамаға қаладағы көптеген мекемелер қолдау танытып,  ішінара дәрігерлер, мектеп ұстаздары шаһардағы «Цеснабанк» АҚ Семей филиалының қызметкерлері теміржолшыларға қосылып сапқа тұрды.  Ал теміржолшылар арасында жолшылар мен белгі беру-байланыс мекемесінің мамандары көш бастады. Олар үшін кәсіподақ комитеті спорттық киімдер әзірлеп, арнайы велосипедті жалға беретін нысан да ашыпты.  –Бұл веломарафон емес – велошеру. Яғни, сайыс өткізілмейді. Тек автокөлік ағыны мол күре жолмен жүріп өтіп, тұрғындарды салауаттылыққа үндейміз. Көліктен түсіп, велосипедке мінудің денсаулыққа да, экологияға да пайдасы мол. Осы ретте қалалық спартакиадада қарсылас саналып жүретін көптеген мекемелер мүшелеріне шараны бірігіп өткізу туралы ұсыныс жасағанбыз. Бұл бастаманы көпшілігі құп алды. Міне, бүгін екі жүзге жуық велосипедші жолға шыққалы тұр, – дейді Семей бөлімшесінің спорт нұсқаушысы Жанат Мойынбаев. Осылайша, ҚТЖ туын желбіреткен спортшы теміржолшылар бастаған шеру ондаған шақырымды бағындыру үшін жолға шықты.

Қуаныш Қожаев, Семей