Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Семинар-тренингтер сериясы – Ақтөбеде
Оқуға 2 мин
Ақтөбенің жас теміржолшылары үшін кезекті семинар-тренинг өтті. Жүзден астам жастар екі күн Ақтөбеде бас қосып, әдеттегісінше, тренерлер тобы жас басқарушылар мен жоба менеджменті тақырыбы аясында таңдаулы дәрістер оқыды.
Екі жылда бір өтетін тренингтер кезінде жастар өздерінің бойында ашыла алмай жүрген қасиеттерін, қабілеттерін тани бастайды. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, соңғы жылдары бірыңғай ұлттық компнаияның тұрақты серіктесі болып жүрген дәріскерлер тобы жастармен еркін де ерекше форматта пікір алмасып, оларды жаңа қырынан таныта бастайды.
«Ақтөбе жастары алғыр да зерек. Өйткені, мұндай шаралар еліміздің барлық өңірінде өтеді. Ал, Астанада өтетін Жастар форумында есімдері ерекше аталатындардың дені өзге емес, нақ осы өңірден. Сондықтан, біздің тренингтерге қатысып, жетекшілік қабілеттерін арттырып, жоба әзірлеп, саланың дамуына жаңашылдық қосып жүрген жастардың дені Ақтөбеден шығады деп сеніммен айта аламын», – деп бастады алғы сөзін тренерлердің жетекшісі Наталья Бахмутова.
Ұлттық компанияның Адам ресурстарын басқару департаментінің менеджері Айжан Сейітбаеваның айтуынша, бүгінде «Қазақстан темір жолы» компаниясында 36 мыңнан астам жас қызмет етеді. «Олардың әлеуетін жоғарылатудан ҚТЖ басшылық аянған емес. Жастар саясатын жүзеге асыру аясында заманауи әрі тиімділігі мол шаралар қолға алынып келеді. Оған салада жұмыс істейтін жастарды мейлінше көбірек қамтуға тырысамыз. Бүгінде «Жас темір» атты желіде тіркеліп, әркім өзіне жақын бағдарлама аясында сайыстарға қатыса алады. Оларды әрдайым ынталандырып, марапаттап отыру жолға қойылған», – деді Айжан Сейітбаева.
Оның айтуынша, былтыр «Болашақ басқарушы» номинациясында Ақтөбеден Руслан Жұмағалиевтің есімі аталды, «Үздік пойыз диспетчері» деп Айдар Жұмағұлов танылды. Азамат Мыңжасаров «Үздік технолог» атанды. «Үздік жас қаржыгер» Толқын Бозтаева да Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің беделді қызметкері. Тізімді әрі қарай толықтыра беруге болады.
Айта кетейік, жас теміржолшыларға арналған секминар-тренингтер сериясы еліміздің 16 қаласы мен ірі станцияларында ұйымдастырылады. Жүзден жүйріктері Астанада өтетін жас теміржолшылар форумына жолдама алып, кейін кадрлар резервіне тіркеледі.