«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы сандық технологияға бетбұрыс жасауда небір озық жобаларды өндіріске енгізуде. Темір жол инфрақұрылымына ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, жаңа тәсілдемелер енгізуде. Оның бір мысалын, темір жол инфрақұрылымын мониторингілеу және диагностикалау жұмыстарының рельстерге ультрадыбысты дефектоскопиялау  жүйелері орнатылған арнайы вагон-дефектоскоптармен, жол өлшеуіштермен жүргізіліп жатқанынан көруге болады. Бұл жоба бүгінгі күннің өзінде  Ұлттық компанияның бизнес-процестеріне оң ықпалын тигізуде. Біріншіден, жаңа тәсілдеме күрделі  жөндеу шығындарын оңтайландырса, екіншіден, мәліметтерді тұрақты жинап, талдау нәтижесінде, істен шығуы ықтимал активтерге болжам жасап, тозығы жеткен немесе ақауы бар активтер салдарынан болатын төтенше жағдайлардың алдын алу мүмкіндігі туып отыр. Бұл күнде активтер бұрынғыдай жоспарлана отырып жөнделмейді, нақты жағдайына байланысты жөнделеді. Процестерді дигитализациялау, яғни ақпаратты сандық форматқа көшіру өз кезегінде,  олардың еңбек сыйымдылығын төмендетуге және еңбек ресурстарын босатуға әкелуде. Яғни, артық шығынға жол жоқ.

Сұлугүл БАКЕСОВА