Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Рельсарқалық зауыты жаңғыртылады
Оқуға 2 мин
Ақтөбе рельсарқалық зауытының жұмысына Елбасы жиі айтып жүрген 4.0 индустрияландыру элементтері енгізіледі. Жыл соңына дейін шығарылатын өнім көлемі қосымша артып, өндірістік-басқару технологиясы жаңа деңгейге көтерілетін болады.
Мемлекет басшысының экономиканың жедел технологиялық жаңғыртылуы бойынша тапсырмасының жүзеге асырылуы талқыланған өткен жиында бірінші жартыжылдықта өңірде жалпы сомасы 6 млрд теңгеге 10 кәсіпорын жаңғыртылғаны белгілі болды. Олардың қатарында «Восход-Oriel» ЖШС, «КМК Мұнай» АҚ, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Энергосистема» ЖШС, «АЗХС» АҚ және т.б. бар.
Осы жылдың соңына дейін тағы 10 кәсіпорын жаңғыртылмақ. Жалпы алғанда, жақын арадағы бес жылда Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарды жалпы құны 400 млрд теңгеге жаңғырту жоспарлануда. Соның ішінде, кен игеру, металлургия, химия өнеркәсіптерінің, машина жасау саласының және т.б. кәсіпорындары модернизацияға ұшырайды.
Бұдан өзге, өңірдегі «Қазхром», Ақтөбе рельсарқалық зауыты, Ақтөбе мыс компаниясы секілді ірі кәсіпорындармен 4.0 индустрияландырудың элементтерін енгізу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін шығарылатын өнім көлемі қосымша артып, өндірістік-басқару технологиясы жаңа деңгейге көтерілетін болады.
Жалпы, өңірде өндіріс орындарын жаңғырту еңбек өнімділігін 9%, яғни 9 АҚШ долларынан 9,8 АҚШ долларына дейін арттыруға, жарақат алу қаупін 5% төмендетуге, өндірудің өзіндік құнын төмендетіп, өнімді қайта өндіруді 2% азайтуға, сонымен қатар, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік берген. Сонымен бірге ешбір жұмыс орны қысқартылмаған.
«Біз Елбасы тапсырмасын орындау үшін барлық шараларды қолданып, әлемнің 30 дамыған елдері қатарына кіруіміз қажет. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшылары жаңа технологиялар мен инновациялардың енгізілуін бақылап отырулары тиіс. Ғылыми мекемелермен және ғалымдармен неғұрлым тығыз жұмыс жасау керек. Сонда ғана бәсекеге қабілетті өнім шығаратын боламыз», - деген облыс басшысы Б.Сапарбаев өндіріс орындарын жаңғырту өнімді неғұрлым бәсекеге қабілетті етуге және әлемдік нарықта экспортқа бағдарлануына мүмкіндік беретінін айтып өтті.