Қыркүйектің 6 күні «Астана – Нұрлы жол» вокзалында  Жапонияның жаңа энергетикалық және өнеркәсіптік технологияларын дамыту бойынша мемлекеттік ұйымының (NEDO) президенті Миямото Акихико құрметті қонағы болды. Мәртебелі мейманға заманауи вокзал кешенін «Астана – Нұрлы жол» темір жол вокзалы кешені бастығының орынбасары Нұрлан Аманжолов аралатып көрсетіп, таныстырды. Миямото Акихиконы жаңа вокзалға қолданылып отырған соны энергияжинақтау технологиялары қызықтырды. –Менің Астанаға алғаш рет келуім. Қазақстанның елордасында осындай заманауи технологияларды қолданып отырған үлкен вокзал кешенінің бой көтеріп, ел игілігіне қызмет етіп жатқаны қуантады. «Астана – Нұрлы жол» вокзал кешені Орталық Азиядағы кең ауқымды бірегей нысан. Әсіресе, мені жаңа вокзалды салу барысында соңғы үлгідегі энергияжинақтау және смарт технологияларын пайдаланғандары тәнті етті. Қазақ еліне, вокзал ұжымына ілтипатымыз шексіз, бізді жылы қабылдап, сәулетті де ерекше маңызды стратегиялық нысанмен кеңінен танысып, мол мағлұмат алуға ілтипат білдіргендеріңізге рахмет, – деді Миямото Акихико.  Оның айтуынша, NEDO Жапонияның Экономика, өнеркәсіп және сауда министрлігінің құрамына кіретін ірі жапондық мемлекеттік агенттік болып табылады. Бұл ұйымның негізгі қызметі Жапонияға заманауи жоғары технологиялық жабдықтар мен энергияжинақтаушы технологияларды  енгізуге және оларды пайдалануға қаржылай көмек көрсету болып табылады екен. NEDO Қазақстанмен іскерлік байланыс орнатқан. Ол Орал ТЭЦ-ке тиімділігі жоғары газ турбинасы қондырғысын енгізуге қатысты Модельді жобаны бірлесе жүзеге асырған болатын.  Жапондық қонақтар «Астана – Нұрлы жол» темір жол вокзалы кешенімен қатар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашаламақ. Кездесу соңында Миямото Акихико вокзал кешені ұжымына шағын ескерткіш сыйлық табыстады.  

Сұлугүл БАКЕСОВА