Мемлекеттік тіл – достық тірегі

Жаңалықтар
08.09.2025, 11:22
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК
Райхан Рахметова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Қазақстан халқының тілдері күні және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күніне орай ҚТЖ-да қызметкерлер арасында «Мемлекеттік тіл – достық тірегі» атты байқау өтті. Компанияның Мемлекеттік тілді дамыту секторы ұйымдастырған байқауға 7 команда қатысып, үш кезең бойынша бақ сынады.  

Сайыстың бірінші кезеңі «Сырлы сөз, сазды әуен» деп аталып, бұл кезде әр команда ән, би немесе көркем сөз оқудан өнер көрсетті. «Сөз маржаны» деп аталған екінші кезеңінде сұрақ-жауап викторинасы ұйымдастырылды, бұл кезеңде қатысушылар сахнадағы экраннан көрінген ұяшықтарды таңдап, сонда қазақ тілі мен тарихы, ұлттық мәдениет және теміржолға қатысты сұрақтарға жауап берді. Ал «Тіл – татулық тірегі» атты үшінші кезеңінде өнерпаз теміржолшылар сахналық қойылымдар көрсетті. Бұл кезеңде сайыскерлер қазақ тілінің маңызын, түрлі этностар арасындағы татулықты көрсететін қойылымдарын көпшілікке ұсынды. Байқауға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің бас сарапшысы Сұлтан Ернияз, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Әкімшілік басқармасы» филиалының менеджері Ришат Сағымбаев, «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов, «Қазақстан теміржолшысы» газетінің шолушысы Райхан Рахметова және «Қазкөліккәсіп» ҚБ Көпфункционалды қызмет көрсету орталығы бойынша филиалының төрайымы Күләш Даниярова қазылық етті.  

Негізінен өзге ұлт өкілдерінен тұратын әр команда байқауға барынша дайындалып келгені өнерінен, қойылымдардағы костюмдері мен көрнекі сахналық бұйымдарынан байқалды. Бірінші кезеңде бір команда топ болып ән салып, тақпақпен, экранда бейнероликпен өздерін көрсетсе, тағы бірі Абайдың өлеңін оқып, енді бірі танымал патриоттық қазақ әндерін орындап, көпшілікті өнерімен тәнті етті. Олардың тақырыпты ашуы әсіресе үшінші кезеңде қатты аңғарылды, бұл кезеңдегі қойылымдарға олар Тың игеру жылдарында өзге елден қоныс аударушы ұлттарға қазақтардың қалай пана болып, бауырына басқанын, АЛЖИР-де тұтқында отырған әйелдерге қазақ ауылдарының тас орнына құрт лақтырып, тамақтандырғанын, сонымен қатар қазіргі заманда да қазақпен құда-жекжат болып отырған өзге ұлттардың арасындағы татулық пен достықты арқау етіп, соның бәрінде олар Абайдың, Ахмет Байтұрсыновтың және басқа да қазақ ақындарының өлеңдерін оқыды, шашу, шапан жабу, ерулік сияқты салт-дәстүрлерді де қосып отырды. Бірқатар солтүстіктен келген командалардың өзінде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне жатық екені сөз саптауынан көрінді.  

Сонымен байқау қорытындысында барлық кезеңде жоғары ұпай жинаған Жамбыл локомотив пайдалану депосының «Әулие ата» командасы бас жүлдені иеленді. Бірінші орын ұпай санына қарай және әр кезеңге команда мүшелерінің толық қатысуы, сөздерін ұмытпауы, тек қазақ тілінде сөйлеу жағынан озық болған Қарағанды ЖТ бөлімшесінің «Аманат» командасы алды. Екінші орын сондай өнер көрсеткен компанияның «Бас есептеу орталығы» филиалының «Бір шаңырақ астында» командасына берілді. Үшінші орынға Павлодар ЖТ бөлімшесінің «Сарыарқа достары» командасы лайық деп танылды. Ынталандыру сыйлығына Қарағанды, Жамбыл, Шу, Павлодар магистральдық желі бөлімшелерінің теміржолшыларынан құралған «Бірлігіміз жарасқан» командасы ие болды.

Қалған екі команда, яғни Ақмола магистральдық желі бөлімшесі мен Астана жол дистанциясының «Бес құмалақ»  және Ақмола ЖТ бөлімшесінің «Көкше» командасы Алғыс хаттармен марапатталды. Жүлдегерлерге Ipad, велосипед, мультиварка, автокөлікке қажетті жабдықтар жинағы, балықшыға қажет құралдар салынған рюкзактар және басқа да құнды сыйлықтар табыс етілді. Байқау арасында кәсіби өнер жұлдыздарының да өнер көрсетуімен ерекшеленді. Мемлекеттік тілді дамыту секторының басшысы Ербол Тоқтағазының айтуынша, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту бағытындағы жұмыстар қарқыны ҚТЖ-да алдағы уақытта одан әрі арта түседі. Қазылар алқасы да байқаудың жоғары деңгейде өткенін айтып, қатысушы өзге этнос өкілдерінің де мемлекеттік тілге деген құрметі мен оны үйренуге деген талпынысына ризашылық білдірді.  

Әлемде
10.09.2026
Еуропадағы ең үздік 10 теміржол вокзалы
Әлемде
10.09.2026
InnoTrans 2026 көрмесінде 120-дан астам теміржол көлігі таныстырылады
Жаңалықтар
10.09.2026
ҚТЖ локомотив паркі 159 жаңа локомотивпен толықты
Жаңалықтар
09.09.2026
Тоқаев Қазақстанды Еуразияның көлік-логистикалық хабына айналдыру міндетін атады
Жаңалықтар
09.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойыздары екі өңірде табиғи өрттерді сөндіруге көмек көрсетті
Жаңалықтар
09.09.2026
Көлік нысандарында есірткі қылмысына қатысы бар 7 шетелдік анықталды
Жаңалықтар
09.09.2026
Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемі 8 айда 22%-ға өсті
Жүк тасымалы
09.09.2026
АҚШ-тан Қазақстанға контейнерлік жүк тасымалы ұйымдастырылды
Инфрақұрылым / Инфографика
09.09.2026
ҚТЖ 5,5 мың шақырым темір жолды жаңартты
Әлемде
09.09.2026
CAF-тың гибридті пойызы аккумулятор қуатымен 273 шақырым жүріп өтті
Жаңалықтар
08.09.2026
ҚТЖ және Грузиядан келген серіктестер ТХКБ-ны дамыту барысын талқылады
Жаңалықтар
08.09.2026
Көлік саласына 31 жаңа мамандық қажет
Цифрландыру
08.09.2026
ҚТЖ пойыздарында спутниктік интернетті ауқымды енгізу жұмыстары жалғасуда
Жаңалықтар
08.09.2026
Тіл мерекесі ұлықталды
Жолаушылар тасымалы
08.09.2026
Жолаушылар тасымалының үздік ұжымы
Аймақтар
08.09.2026
Жасөспірімнің әрекетінен электровозға 500 мың теңге залал келді
Қауіпсіздік
08.09.2026
Семейлік теміржол күзеті желі бойындағы бақылауды күшейтті
Спорт
08.09.2026
«Қазтеміржолкәсіп-2026»: Қызылорда командасы финалда
ҚТЖ келбеті
08.09.2026
Аягөз – машинистер ұстаханасы
Спорт
08.09.2026
Жамбылдық волейболшылар «ЦЖС кубогында» күміс жүлдегер атанды