Ерлан Ғазез, Семей-Аягөз
Еңбекпен келген абырой
Оқуға 2 мин
Болат жолдың бойында тер төгіп жүрген еңбек адамының қай қайсысы да құрметке лайық. Елу жылға жуық шойын жолдың ыстығы мен суығын қатар көріп, бүгінде осы саланың кәсіби майталманы болып танылған Жанат Қадырұлы абырой да, даңқ та адал еңбек еткенде дейді.
Ардагер теміржолшы мұны жайдан жай айтып отырмаса керек, өзінің көп жылғы тәжірибесінде көз жеткізген шындығы. Еңбек жолын 1976 жылы ВЧД-24 Аягөз вагон пайдалану депосында жылжымалы құрамды жөндеуші слесарь болып бастаған Жанат Байзақов вагон шаруашылығының инженер-механигі мамандығы бойынша жоғары білім алып, бір орында табан аудармай жарты ғасырға жуық еңбек етті. Алғашқы жылдары, бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде білікті маман ретінде танылып үлгерді. Соның арқасында қызмет барысында тез өсті. Вагон қараушы, бригадир, депоның вагон жөндеу жөніндегі аға шебері, өндірістік нұсқаушы, ТКБ (техникалық күтім бекеті) бастығы... осылай, қызмет сатысымен жоғарылай берді.
Күні бүгінге дейін Аягөз вагондарға техникалық қызмет көрсету бекетінің вагон қабылдаушысы болып тер төгіп келеді. Табиғатынан іскер, ізденімпаз, ерекше ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында қай кезде де көргені құрмет, арқалағаны абырой болды десек қателеспейміз. 2002 жылы «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін» төсбелгісімен марапатталса, биыл ұзақ жылғы адал еңбегінің өтеуі саланың жоғары марапаты «Құрметті теміржолшы» белгісін төсіне тақты. Семей жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Марлен Көкірекбаев Жанат Қадырұлына «Құрметті теміржолшы» белгісін тапсырып тұрып, кәсіби вагоншыға абыройыңыз аласармасын деп тілек білдірді.
Айта кетейік, Жанат Қадырұлы Аягөз өңіріне танылған атақты Байзақовтар династиясының өкілі. Әкесі Қадыр, егіздің сыңары Марат, ағасы Серікболат Байзақовтар саналы ғұмырларын сүйікті істері темір жол саласына, оның ішінде вагон шаруашылығына арнаған азаматтар. Әкеден балаға жалғасқан вагоншылар әулетінің осы саладағы жалпы еңбек өтілі 160 жылды құрайды екен.