Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Заң талаптары таныстырылды
Оқуға 2 мин
ҚР «Прокуратура туралы» заңға енгізілген өзгерістерді теміржолшылардың жете білуін қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылықты көтеру, заң талаптарын таныстыру мақсатында Қызылорда ЖТ бөлімшесінде Қызылорда көлік прокуратурасының ұйымдастырумен кездесу өтті.
Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Аманкелді Арысбаев, Магистральдық желі бөлімшесінің директоры Ибраким Басықараев, Қызылорда көлік прокуроры Тимур Шүленбаев, Қызылорда станциясы ІІЖб басшысының орынбасары Ербол Құттыбаев тағы басқа жауапты тұлғалар қатысқан кездесуде заңға енгізілген өзгерістер жайлы осындай түсіндірме жұмыстарының қажеттілі назарға алынды.
Прокуратура саласында жүргізілген өзгерістер мен жаңалықтар жайлы баяндама жасаған Қызылорда көлік прокуроры Тимур Шүленбаев ҚР Конституциясының 83 бабына 22 жыл ішінде бірінші рет өзгеріс енгізілгенін, үстіміздегі жылдың 30 маусымында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» заңына қол қойғанын жеткізді. Баяндамашы прокурордың өкілетілігі және жауапкершілігі, міндеті мен құқығы, прокурорлармен тексерулердің қысқартылғанын, жалпы заңға енгізілген өзгерістермен теміржолшыларды таныстырды.
Прокурордың айтуы бойынша енгізілген өзгерістерге сәйкес бұдан былай кәсіпкерлік субъектілерін тексеру Президенттің немесе Бас прокурордың рұқсатымен ғана жүргізілетіндігін, заңға енгізілген өзгерістерде жұмыскердің құқығын қорғау тетігі жасалып отырғанын, көптеген қызметкерлер заң талабын білмегендіктен әр түрлі күрделі мәселелер туындап жататынын да жасырған жоқ. Заң талаптарын білу және заңға, тәртіпке бағыну – әрбір адамның міндеті екендігі ескертілді.