Бекбол Құлдан, Ақтөбе
Егіздерге сыйлық
Оқуға 1 мин
Қандыағаш станциясының ұжымы аз қамтылған отбасыдан шыққан екі балаға қаражат жинап, мектеп құралдарын, киім-кешек алып берді.
Ақниет пен Әділет Төремұратовтар 10 жаста. Қандыағаш қаласындағы №1 орта мектепте оқиды. Әкелері Ерболат ауған соғысын көрген, бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарында. Аналары Арайлым да денсаулық жағдайына байланысты еңбекке жарамсыз. Отбасыда егіз баладан басқа тағы бір бала бар.
«Арамыздан Медет Аяғанов деген жігіт бастама көтеріп, жағдайы төмен осындай отбасы бар, көмек көрсетсек деген ұсыныс білдірді. Бас инженердің ұсынысын өзгелер қолдады. Жұмысшылар азын-аулақ тиын-тебен жинап, «Мектепке жол» акциясы аясында балаларға костюм-шалбар, жейде, спорт киімдері мен аяқ киім алып бердік», – дейді станция қызметкерлерінің бірі.
Болашақта станция ұжымы осы отбасын назарда ұстап, егіз балаға шама-шарқынша көмек қолын созып, қамқорлыққа алмақ ниетте.