Санкт-Петербург қаласында өткен Халықаралық көлік-логистика форумының аясында Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров «Цифрлық платформалардың жаһандық интеграциясы: халықаралық логистика үшін бірыңғай кеңістікті қалай құруға болады» тақырыбындағы сессияда сөз сөйледі, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Өз баяндамасында ол сессия қатысушыларын көлік инфрақұрылымын цифрландыру нәтижелерімен таныстырды. Атап айтқанда, автожолдардың бірыңғай e-Joldar жүйесі әзірленуде, автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылуда, жолдарды диагностикалауда жасанды интеллект технологиялары қолданылуда, сондай-ақ теміржол көлігінде қозғалыс кезінде жылжымалы құрамды диагностикалауға арналған аппараттық-бағдарламалық кешендер енгізілуде.

Теміржол саласында DTC жүйесінің Tez Customs модулі енгізіліп, транзиттік декларацияларды рәсімдеу үдерісі автоматтандырылды. Нәтижесінде оларды рәсімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды. 2025 жылғы қазанда аталған жүйе «РЖД» АҚ-мен бірлесіп Достық – Брест Орталық бағыты бойынша іске қосылды.

Бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында логистикалық және кедендік қызметтерді біріктіретін Smart Cargo бірыңғай терезесі енгізілгені, сондай-ақ жүктің бүкіл бағыты бойынша бірыңғай деректерді пайдалануға мүмкіндік беретін цифрлық тасымалдау паспорты (QR-код) іске қосылғаны атап өтілді.

Сонымен қатар Бірыңғай деректер қорын қалыптастыруды және жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануды көздейтін Ұлттық зияткерлік көлік жүйесі іске асырылуда. Бұл көлік саласының жай-күйін нақты уақыт режимінде бақылауға, тәуекелдер мен инциденттерге жедел әрекет етуге, сондай-ақ талдау және болжау негізінде басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Сөз соңында вице-министр форум қатысушыларын ынтымақтастықты кеңейтуге және халықаралық логистика үшін бірыңғай кеңістік қалыптастыруға шақырды.