«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ орталық кеңсесінің мыңдаған қызметкері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған ауқымды патриоттық флешмобқа қатысты, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Теміржолшылар – басшы буыннан бастап жас мамандарға дейін – бір мезгілде бір хорда мемлекеттік әнұранды орындады. Бұл акция корпоративтік рухты нығайтуға, мыңдаған мүшесі бар ұжымды біріктіруге және елдің тәуелсіздігі мен егемендігінің басты рәміздеріне терең құрмет көрсетуге бағытталған.

Теміржол магистралінің қызметкерлері атап өткендей, әнұранды орындау оларға күні бойы күшті патриоттық қуат сыйлап, Қазақстанның гүлденуі үшін күн сайын сенімді байланыс пен пойыздар қозғалысын қамтамасыз ететін теміржолшылардың маңызды миссиясын еске салды.