Динар МЕЙІРМАН, Шымкент
Біліктілік бастауы – білім
Оқуға 1 мин
Теміржолшылар үшін техникалық сабақ өту, нұсқаулықты қайталау күнделікті жұмыстың бір бөлігіне айналған. «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Шымкент филиалындағы барлық бекеттерде жыл басынан бері 867 рет техникалық сабақ өткізіліпті.
Оның ішінде сыныптас бекетте 1 рет, І және ІІ класты бекеттерде 200, III,IV,V класты бекеттерде 560 рет қайталанған. Арасында ревизорлердің қатысуымен 107 рет тағы жүргізілген. Өйткені ел теміржолы бойынша өзге өңірде апатты жағдай болса шұғыл телеграмма келіп, соның негізінде жоспардан тыс техникалық сабақтар жүргізіледі.
Жыл басынан бері аталған бөлімше бойынша 10 тораптық станция мен шағын бекеттерде пойыз диспетчерлерімен, локомотив бригадаларымен, жылжымалы құрамдарды сұрыптайтын кезде оларға тежегіштің дұрыс қойылуын анықтау үшін 607 тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 34 ескерту беріліпті. Сондай-ақ, машинистер тарапынан қозғалыс қауіпсіздігіндегі мамандардың салғырт жұмысына 87 ескертуайтылған. Апатты жағдайды болдырмас үшін машинистер айтқан сыннан қозғалысшылар қорытынды шығарып, кемшілікті түзеген.
Қазіргі таңда бөлімше бойынша 176 станция кезекшісі бар. Оның отызының кәсіби білімі толық емес. Дегенмен, төртеуі кәсіп бойынша білімін жетілдіруде. Тағы төртеуі кестеге сай жолдамаман біліктілігін арттырып жүр. Мамандарының білімі талапқа сай болса қауіпсіздік те сақталады. Осыны ескерген аймақ басшылығы жыл соңына дейін тағы бірқатар теміржолшының кәсіби шеберлігін шыңдамақ.