Астана-1 вокзалы қайта жаңартудың соңғы кезеңінде
Қайта жаңартудан кейін Астана-1 станциясы вокзалының ауданы 580 шаршы метрге ұлғаяды және 8,4 мың шаршы метрді құрайды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Жаңартылған вокзал жолаушылар ағынына ыңғайлы қызмет көрсетуге есептелетін болады, ол бүгінде тәулігіне 10 мың адамды және жылына 2,5 млн жолаушыны құрайды.
Нысанда шатырды монтаждау, ішкі инженерлік коммуникацияларды ажырату, шатыры бар жағалау перрондарын құру аяқталды. Әрлеу жұмыстары, конкорсты орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Вокзалда жаңа эскалаторлар, лифттер мен көтергіштер орнатылған. Пандустар, ана мен бала бөлмелері, санитарлық бөлмелер және күту аймақтары жабдықталуда. Мобильділігі төмен жолаушылар үшін кедергісіз орта, соның ішінде тактильді навигация және көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған ақпараттық тақтайшалар қарастырылған.
Астана-1 станциясының вокзалы 1990 жылы салынған. Құрылысы аяқталғаннан кейін нысанда негізінен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қайта құру Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жүргізілуде. Оның басты мақсаты – жолаушылар үшін заманауи, қауіпсіз, қолжетімді әрі жайлы жағдайлар жасау.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бағдарламаны өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі, Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және әкімдіктер қолдауымен іске асыруда.