Арменияда теміржолшылар кәсіподақтарының халықаралық кеңесі өтті
Арменияда Халықаралық теміржолшылар кәсіподақтары конфедерациясы Кеңесінің 73-отырысы өтіп, оған Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің теміржолшылары мен көлік құрылысшыларының салалық кәсіподақтарының өкілдері қатысты.
«Қазтеміржолкәсіп» ҚБ делегациясы теміржол қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарымен таныстырды. Бүгінде кәсіподақ құрамында 12 филиал, 15 жергілікті және 300-ден астам бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. «ҚТЖ» қызметкерлерінің 90 пайызға жуығы кәсіподақ мүшесі.

Кездесуде әлеуметтік әріптестікке ерекше мән берілді. 2024-2026 жылдарға арналған салалық келісім мен 12 ұжымдық шарт әрекет етеді, 2027- 2029 жылдарға арналған келіссөздер жүргізілуде. 20 жылдан астам уақыт бойы жалақы бойынша берешек жоқ.
Жиын кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Ортақ басымдықтар қатарында қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдауды күшейту мәселелері бар.
Бағдина СЕКЕРБЕК