Шымкент теміржол бөлімшесіндегі кітапханада «Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің тарихы және рухани маңызы» тақырыбында танымдық іс-шара өтіп, оған теміржолшылар, сала ардагерлері және жас мамандар қатысты.

Өңірдің Техникалық ақпарат және талдау бөлімінің бастығы Ләззат Жарымбетованың айтуынша, бұл іс-шараның мақсаты Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің тарихи және рухани маңызын таныстыру, ұлттық мұраны насихаттау, жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығын арттыру екен. 

– Қожа Ахмет Яссауи – түркі халықтарының рухани өміріне үлкен ықпал еткен ойшыл, діни ілімнің көрнекті өкілі. Оның есімі имандықпен, адамгершілікпен, ізгілікпен және рухани тазалықпен тығыз байланысты. Яссауидің Диуани-Хикмет атты еңбегінде адамгершілік, мейірімділік, адалдық пен рухани кемелдік туралы ойлар баяндалады, – деп атап өтті Ләззат Әбутәліпқызы. 

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі Түркістан қаласында орналасқан. Әмір Темірдің бұйрығымен 14-ші ғасырдың соңында салынған бұл сәулет туындысы, халқымыздың рухани мұрасы мен сәулет өнерінің бірегей ескерткіші. Қожа Ахмет кесенесі 2003 жылы Юнесконың дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген.