Семей теміржолындағы Ұлттық мерекеге арналған салтанатты іс-шара игі дәстүрге сай мемлекеттік Әнұранмен басталды.

Осыдан соң желі бойынан жиналған теміржолшылар алдында бөлімше басшысы Алмас Сейсемқанов құттықтау сөз алып, жыл үлесіндегі жетістіктер жайында тоқталып өтті. Өндірістік көрсеткіштер көлемінің артуына салалық қызметте ерен еңбек етіп жүрген мамандар ықпал еткені анық. Осы орайда бірқатар абыройлы қызметкерлерге көпшілік алдында құрмет көрсетіліп, еңбектері лайықты түрде бағаланып, марапаттар табысталды.  

Ұлттық компания басшылығынан бастап, жергілікті атқарушы билік тарапынан берілген марапат қатарында алғыс хаттар мен құрмет грамоталары да мол болды. Десек те, бөлімше басшысының орынбасары, Семей теміржолында ұзақ жылдардан бері табан аудармастан еселі еңбек етіп жүрген Ерғазы Жұмаділовтің «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін өңіріне тағып, жиналған қауымның қошеметін еселеді.  

Мерекеге орай теміржолшы жастар әзірлеген шағын концерттік бағдарлама да ұсынылып, патриоттық әндер әуеледі.