Қазақстанда теміржол және автомобиль жолдарының заманауи желісін дамыту елдің транзиттік әлеуетін арттырудағы стратегиялық міндеттердің бірі болып қала береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Президенттің айтуынша, логистика инфрақұрылымын дамыту елдің экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Қазіргі жағдайда көлік-логистика жүйесі дамымаған мемлекеттердің халықаралық нарықтағы мүмкіндігі шектелуі мүмкін.
Мемлекет басшысы келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Жаңа бағыт Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк өткізу мүмкіндігін жылына жиырма миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Президент Қазақстан аумағындағы жүк тасымалының көлемі жыл сайын ұлғайып келе жатқанын айтты. Осыған байланысты елдің барлық өңірін өзара байланыстыратын, транзиттік әлеуетті күшейтетін заманауи теміржол және автомобиль жолдарының тұтас желісін қалыптастыру қажет. Әсіресе, солтүстік өңірлердегі жол инфрақұрылымын жақсарту мәселесі өзекті болып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласындағы жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді Үкіметтің маңызды міндеті ретінде атады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуразиядағы ірі көлік-логистикалық торап ретіндегі әлеуетін толық пайдалану үшін инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жеделдету қажеттігін де атап өтті. Оның пікірінше, елдің транзиттік артықшылықтары нақты нәтижеге айналуы үшін көлік бағыттарының өткізу қабілетін арттырып, шекарадағы кептелістерді азайту маңызды.
Осы міндеттерді жүзеге асыру Қазақстанның халықаралық жүк тасымалындағы рөлін күшейтіп, ел аумағы арқылы өтетін транзит ағындарын тиімді пайдалануға жол ашады.