Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында көлік-логистикалық байланыстарды нығайтып, халықаралық жүк тасымалының көлемін арттыруға ниетті. Бұл мәселе Премьер-министр Олжас Бектеновтің Душанбе қаласында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үкіметтері басшылары кеңесінің отырысында көтерілді, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Үкімет басшысы көлік дәліздерін дамыту, инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттыру және халықаралық логистикалық тізбектерді өзара байланыстыру бағытындағы бірлескен жұмыстың маңызын атап өтті.
Қазақстанның ұсыныстарының қатарында «Бір белдеу, бір жол» бастамасын өңірдегі қолданыстағы және болашақ көлік дәліздерімен интеграциялау бар. Сонымен қатар 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясы аясында бірыңғай көлік жүйесін қалыптастырудың негізгі бағдарларын айқындау ұсынылды.
Теміржол тасымалы тұрғысынан бұл бастамалар Еуразия кеңістігіндегі жүк қозғалысын үйлестіруге, шекаралық өткелдер мен логистикалық орталықтардың жұмысын жетілдіруге мүмкіндік береді. Әсіресе Қытай, Орталық Азия және Еуропа бағыттарын байланыстыратын транзиттік инфрақұрылымның маңызы артып келеді.
Отырыс барысында ШЫҰ порттары мен логистикалық орталықтарын дамытудың 2030 жылға дейінгі іс-қимыл жоспарын іске асыру мәселесі де қозғалды. Оның аясында теңіз және құрғақ порттарды жаңғыртып, өткізу қабілетін арттыру бойынша бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігі айтылды. Құрғақ порттар мен теміржол терминалдарының тиімді жұмыс істеуі мультимодальды тасымалдарды дамытуға және жүк жеткізу үдерісін оңтайландыруға ықпал етеді.
Қазақстан үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының орны ерекше. Аталған дәліз арқылы тасымал көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бағыт теміржол, теңіз және құрлықтағы логистикалық инфрақұрылымды өзара байланыстырып, халықаралық саудадағы балама маршруттардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ШЫҰ аясында халықаралық мультимодальды жүк тасымалдарын дамытуға арналған цифрлық платформа құру тұжырымдамасы мақұлданды. Мұндай шешім көлік операцияларын цифрландыруға, ақпарат алмасуды жеңілдетуге және логистикалық процестердің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Кеңес қорытындысында тараптар көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты, көлік қатынасын және өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды дамыту жөніндегі бірқатар құжатқа қол қойды. Қазақстан үшін бұл келісімдер теміржол транзитін кеңейтуге және елдің Еуразиядағы көлік-логистикалық байланыстарын нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.