Гүлдана Құсайынова Жамбыл локомотив пайдалану депосында пойыздар қозғалысын қамтамасыз ету бойынша бас маман болып еңбек етеді. Бұл мамандық депоға өткен жылдан бастап енгізілген екен.   – Қазіргі таңда мен әдістеме жасаумен айналысудамын. Менің қызметім – жас мамандарды пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтаудың, оның бұзылуына жол бермеудің қыр-сырына үйретіп, білімдерін жетілдіру. Жаңадан шыққан бұйрық-ережелермен таныстыру. Сол себепті машинист нұсқаушылармен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Олармен жұмыс жоспарын бірлесе жасаймыз. Қозғалыс қауіпсіздігіне қатысты фактілерді талдаймыз. Әрине, біреуге бірдеңе үйрету үшін өзімнің білімім толық болуы керек. Бұл мамандық теміржолға жаңадан енгізілгендіктен, өзімнің де үйренерім әлі көп. Сондықтан күнде білімімді жетілдіріп отырамын. Құдайға шүкір, қазір қажетті ақпарат-материалдар  қолжетімді. Оның үстіне, Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінде қозғалыс қауіпсіздігі ревизоры бар. Сол маманнан  ақыл-кеңес алып отырамын. Өткен жылы Астанада семинар өтті, сонда біраз нәрсені үйрендім. Жалпы маған өз қызметім ұнайды, адамдармен жұмыс істейсің, жастарды үйрете жүріп, өзің де үйренесің, – дейді қозғалыс қауіпсіздігі маманы. Гүлдананың теміржолда жұмыс істеп жатқанына отыз жылдан асыпты. Он сегіз жасында бөлімшеге тауар кассирі болып жұмысқа тұрған өрімдей қыз он жылдан соң локомотив депосына оператор қызметіне ауысады. Ол кезде жөндеу және пайдалану депосы бірге болатын. Кейін екі депо өз алдына бөлініп шыққанда, Гүлдана локомотив пайдалану депосында техник болып жұмысын жалғастырады. Кейін инженер болады. Ал бүгінде пойыздар қозғалысын қамтамасыз ету бойынша бас маман болып еңбек етуде. Ашық-жарқын мінезді, көңілді,  кішіпейіл Гүлдананы бір көрген адам тағдыр еркелеткен жан деп ойлауы ғажап емес. Ал, шын мәнінде, тағдырдың жазуы шығар, ол жеке өмірін бауырларының бақыты үшін сарп еткен қазақ әдебиетіндегі «әпке» образын еске түсіреді.  «Ағам мен жеңгем жол апатына ұшырап, қаза болғанда артында екі ұлы қалды. Осы екі інімнің болашағына өзімді жауапты сезіндім. Міне, қазір, Құдайға шүкір, бауырларым ер жетті. Менің жолымды қуып, темір жол саласын таңдады. Қазір екеуі де  машинист көмекшісі болып жұмыс істейді» деп өз сырымен бөліскен  еді кейіпкеріміз.

Сұлугүл БАКЕСОВА