Қауіптің беті қайтты

Жаңалықтар
13.03.2018, 17:12
Ел шығысындағы теміржолшылар үшін көктемгі су тасқынымен күрес шаралары қызу жүріп жатыр. Өйткені, өңірдегі гидрометерологиялық ахуал апта соңында күрделене түсіп, Өскеменді су басты. Семей магистральдық желі бөлімшесі бойынша Аягөз және Защита өңірлеріндегі жағдай біршама алаңдатып тұр.    Жалпы Шығыстағы 8 аймақ көктемгі қызыл су басу мүмкіндігі жоғары аумаққа жатады. Оның ішінде, Семей және Защита теміржолына қарасты аумақтағы 83 елді мекенде су деңгейі көтерілу мүмкіндігі жоғары саналады. Осыған дейін Семей магистральдық желі бөлімшесі басшылығы шұғыл жұмыстар жоспарын жасап, көктемгі су тасқынына тосқын қою бойынша бірқатар алдын алу шараларын жүргізген-ді. Оның ішінде су қоймаларының деңгейі тәулік бойы бақылауға алынды. Сондай-ақ, Глубокое ауданының Казиевка станциясында жаттығу жүргізіліп, «рельстен шыққан вагондарды» жолға салу, «пойыздың жолын тосқан тасқын суды» құм төсеу арқылы «ауыздықтау» шаралары жүргізілген-ді. Жаттығу қазіргі күні тосын оқиғалар орын алған шақта көмекке келуде. Екі күн бойы толассыз жауған қарлы жаңбыр салдарынан сай-саланы су алып, таудан құлдилаған қызыл су Аягөз қаласына кірген болатын. Нәтижесінде наурыздың 11-і күні кешке қарай шаһар бойынша төтенше жағдай жарияланып, барлық күш құрылымдарымен қатар теміржолшылар да қызылсумен күрес жүргізу шараларына жұмылдырылды. Бұл ретте алдыңғы шепте жергілікті ПЧ-42 мекемесінің жолшылары жүрді. Жексенбі күні кешкісін Аягөз ауданындағы автокөлік жолдары жабылды. Оның ішінде республикалық маңызы бар Қарағанды-Аягөз, Семей бағытындағы Қалбатау-Аягөз тас жолдары барлық қоғамдық көлік үшін жабық. Сол тәрізді нөсер жаңбыр мен су тасқынына байланысты Зырьян қаласына дейінгі жол бірнеше тәулік қатарынан жабық күйінде қалып отыр. Қазіргі күні жолаушы тасымалы бойынша аталмыш бағытқа Защита станциясынан қосымша пойыз қатынауда. «Қазгидромет» мекемесі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жер тоңының 1,5 метрге жетуі қар суының сіңбеуіне әкеліп соққан. Оның үстіне екі тәулік ішінде облысқа жауын-шашынның бір айлық нормасы түскен. – Табиғаттың тосын мінезі салдарынан желі бойындағы теміржол нысандарына ешқандай нұқсан келген жоқ. Жол өтпелері мен көпірлер де дін аман. Оған басты себеп, көктемгі тасқынның алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізілді. Қауіпті деп саналған желі маңындағы суағарлар мен арықтар толықтай аршылып, тазартылған болатын. Қар шығару жұмыстары да мезгілімен жүргізілді. Сол себепті апаттан аманбыз. Теміржолшылар тек қаладағы коммуналдық қызметкерлерге, төтенше жағдайлар мамандарына көмектесуде. Дәл қазір өңір бойынша жауын-шашын толастады. Ауа температурасы күрт төмендеп, қар суының беті қайтты. Апат қаупі сейілді. Дегенмен барлық жағдайға тас-түйін даярмыз, – дейді Аягөз жол дистанциясы техникалық бөлімінің бастығы Болат Мұстафинов. Мамандар сөзіне сүйенсек, бүгінде әр дистанция бойынша арнайы түрде жабық вагон бөлінген. Одан бөлек 272 көпір, 58 құбыр, 69,7 км арық, 16,5 км тау етегіндегі ор, 58,7 км су жүретін арналар қардан толық аршылып, тазаланған. Жалпы, Семей ЖТ бөлімшесі бойынша, су шаю қаупі ең жоғары аумақтарға Жаңа Семей және Аягөз жол дистанциясының қарамағындағы телімдер жатады. Алайда, биылғы жылы қардың аз мөлшерде түсуінен қауіптің беті әрі. Сондай-ақ, бөлімше қарамағындағы желі бойында жалпы саны 89 қауіпті орын бар. Атап айтсақ, ПЧ -39-да – 6, ПЧ-40-та – 13, ал Аягөз жол дистанциясы бойынша 20 орынды қызылсу шайып кету қаупі бар екен. Мұнымен қатар, кейбір телімдердегі жерасты суларының жақын орналасуы қауіпті тіптен еселей түсуде. Сондықтан бүгінде барлық станцияларда тәжірибелі жолшылар қадағалау жұмыстарына бекітілген.

Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей

Жаңалықтар
13.05.2026
Үш өңірде вокзалдарды жаңғырту барысы тексерілді
Жаңалықтар
13.05.2026
Олжас Бектенов көлік саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді
Әлемде
13.05.2026
Ресей темір жолы жаңа капсулалы вагондарды таныстырды
Аймақтар
13.05.2026
Ардагерден бата алды
Жүк тасымалы / Инфографика
13.05.2026
2026 жылдың алғашқы төрт айында ҚТЖ желісінде 84 млн тоннадан астам жүк тасымалданды
Жолаушылар тасымалы
13.05.2026
ҚТЖ жазда 4,2 млн жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр
Спорт
13.05.2026
Маңғыстауда теміржолшылар арасында аймақтық турнир өтті
Әлемде
12.05.2026
Лондон мен Швейцария арасында тікелей пойыз қатынайтын болады
Аймақтар
12.05.2026
Маңғыстау теміржолының аңызы – Жолдас Жетібай туралы бір үзік сыр
Жаңалықтар
12.05.2026
Теміржолшылар бейнесі ҚТЖ-ның LED-экранында
Аймақтар
12.05.2026
Шиелі станциясының жұмысы жаңа деңгейге шықты
Жолаушылар тасымалы
12.05.2026
Қарағанды – Балқаш бағытында қосымша пойыздар шығады
Әлемде
12.05.2026
Stadler компаниясы Дублин - Белфаст бағыты үшін гибридті пойыздар шығарады
Инфрақұрылым
11.05.2026
Түркістан облысында ірі көлік инфрақұрылымы жобаларының жүзеге асырылу барысы тексерілді
Жаңалықтар
09.05.2026
Басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтың Отан қорғаушы күні және Жеңіс күні мерекелеріне орай құттықтауы
Жаңалықтар
09.05.2026
Көлік министрлігінде вокзалдарды жаңғырту бойынша өңірлер мен ҚТЖ есебі тыңдалды
Жолаушылар тасымалы
09.05.2026
Елордада Жеңіс күніне арналған пойыздар жолға шықты
Жүк тасымалы
08.05.2026
Алғаш рет Орта дәліз бойынша кері жүктеу ұйымдастырылды: Контейнерлік пойыз Түркиядан Қазақстан арқылы Қытайға жөнелтілді.
Аймақтар
08.05.2026
Өскемендік теміржолшылар 101 жастағы ардагер Александра Саратовцеваны құттықтады
Аймақтар
08.05.2026
Майдангер Иван Макеевке құрмет көрсетілді