Көктем келіп, күннің көзі көрінісімен түбектік теміржолшылар да тазалық айлығын бастап кетті. Жуырда олар Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің төңірегіндегі күл-қоқыстарды жинап, ғимараттың шарбағын мұмтаздай тазартты. Сенбілікке бөлімше қызметкерлері түгелге жуық қатысты. Олар жаз болса жайнай түсетін бөлімше алдындағы ағаштарды ақтап, түбін қопсытып, жаңадан жас шыбықтар отырғызды. Гүл егіп, жасыл желектердің қураған бұтақтарын кесіп, мекеменің бақшасын көз тартар көрініске келтірді.– «Сәуір болмай – тәуір болас» демекші, жаймашуақ көктемнің келгенін енді сезініп жатырмыз. Тазалық шарасына аймақ теміржолшылары бір кісідей қатысты. Мұндай сенбіліктер ай бойы жалғаса беретін болады, – дейді «Нұр Отан" партиясы Мұнайлы аудандық филиалы жанындағы "Маңғыстау темір жолы" бастауыш партия ұйымының төрағасы Болат Дүйсәлиев.Облыс орталығы Тараз қаласында өтіп жатқан қала аумағын тазалау, абаттандыру екі айлығына әулиеаталық теміржолшылар да белсене қатысып отыр.Сәуір айының басында басталған елдік шараның аясында әр сенбі сайын жалпықалалық сенбіліктер ұйымдастырылып, ЖТ-Жамбыл бөлімшесіне қарасты теміржол мекемелерінің қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақтарда төбе көрсетіп келеді. Мысалы, өткен сенбіде ЖТ-Жамбыл бөлімшесінің қызметкерлері Байзақ батыр көшесіндегі бағаналарды толық сырлап шықты.– Әр мекемеге бөлінген аумақтар бар. Қала тазалығына атсалысу – біздер үшін міндет. Ал жоғарыдағы Байзақ батыр көшесінде теміржол мекмелерінің көп орналасқан және мұнда теміржолшылар да көп тұрады. Сондай-ақ, алдағы мамыр мерекелеріне де дайындық осы тазалықтан басталмақ, – дейді ЖТ-Жамбыл бөлімшесі директорының бірінші орынбасары Үмітбек Рысбеков.