Жаз айларында өрт қаупі жоғарылай түседі. Осыны ескерген жамбылдық теміржолшылар Жамбыл облыстық Төтенше жағдай департаментімен бірлесе оқу-жаттығу шараларын өткізіп, дайындық жұмыстарын пысықтады. Жамбыл-Қаратау учаскесінің бесінші пикеті 24-ші шақырым бойында жалынға  оранған көк желеңді қорғап қалуда және өрттің кең аумаққа жайылмауына қырағылық танытқан теміржолшылар өз дайындығының жоғары екендігін көрсетті. «Жол дистанциясының жұмысшылары нұсқамаға сәйкес хабар беріп, жедел әрекетке көшті. Көп кешікпей теміржолшыларға Тараз қаласының іргесіндегі Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылының өрт сөндірушілері де көмекке келді. Ал әскерилендірілген темір жол күзетінің сарбаздары өрт шыққан аумаққа бөгде азаматтар мен техниканың кірмеуіне кедергі болып, аумақты қоршап алды. Және бұл өрт шыққан аумақта «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің көпірі орналасқан. Сондықтан техникалардың кіріп-шығу кедергілері мен мүмкіндіктері де ескерілді. Жалпы, оқу-жаттығу шарасы жоғары деңгейде өтті. Сала мамандарының берген бағасы осындай», – деп өз ойымен бөлісті Жамбыл өрт сөндіру пойызы жасағының бастығы Марат Өміралиев.

Ерман Әбдиев, Жамбыл