Көлік және байланыс қызметкерлерінің кәсіби мерекесі «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ-ның  Атырау бөлімшесінде де кең ауқымда аталып өтті.     Салтанатты шарада еңбегімен еленгендер мерейлері үстем болып марапатқа ие болды.  ҚР Инвестициялар және даму министрінің бұйрығына сәйкес Ірілендірілген Атырау жол дистанциясының зейнеткері Абубакар ЮСУПОВ «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Ұзақ жылғы адал да, мінсіз еңбегі үшін «Адал еңбегі үшін» кеуде белгісі «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ  Атырау бөлімшесі филиалының бас инженері Төрехан Өтеғалиевке, Атырау электрмен жабдықтау дистанциясының электромонтері Жолдас Кітапбергеновке, Атырау сигнализация және байланыс дистанциясының Ганюшкино станциясының аға электромеханигі Ерболат Каниевке беріліп, біржолғы ақшалай сыйақы төленді. Сондай- ақ, «ҚТЖ» Ұлттық компаниясы» АҚ Президентінің атаулы сағатын Ірілендірілген Атырау жол дистанциясының дефектоскоп-операторы Дүйсәлі Мұрзалиев қолына тақты. Ал, «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісімен  марапатталған Құлсары белгі беру және байланыс дистанциясының СОБ электромонтері Жұмасейіт Майлыбаевқа еңбекақысына ай сайын үстеме ақы төленетін болыпты. «Үздік маман» кеуде белгісіне бөлімшенің  жетекші заңгер- кеңесшісі Гаухар Орынбасарова ие болып,  ал Құрмет тақтасына есімдері жазылып, суреттері ілінген  24 теміржолшылар бөлімше директорының Алғыс хаты және бағалы сыйлықтарын алды. Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ, Атырау