Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Отандық рельс жөнелтіле бастады
Оқуға 2 мин
Ақтөбе рельс-арқалық зауыты іске қосылып, биылғы жылы сәуір айынан бастап еліміздің әр түпкіріне, соның ішінде Шу – Отар телімінің 2-ші жолын салуға рельстер жөнелтіле бастағаны белгілі.
Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Мағауия Оразқұловтың хабарлауынша, бүгінгі таңда Құрық портына ұзындығы 25, 70, 120 метрлік отандық рельстер жөнелтіле бастаған.
– Инфрақұрылымды жетілдіру, жаңа өндірістер енгізу және жүк жөнелту көлемін ұлғайту жөніндегі барлық осы іс-шаралар Мемлекет Басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» экономикалық саясатымен, «100 қадам» Ұлт жоспарымен қатар қызмет тиімділігін және кіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өнімі таяу жылдары ішкі нарықтан асып, сыртқы нарықты да бағындыра бастайтыны сөзсіз, – дейді бөлімше басшысы.
Мағауия Оразқұловтың айтуынша, Ақтөбе облысы Еуразия өңірінің шығысы мен батысын, солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын негізгі көліктік-транзитті хаб болып саналады және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту стратегиясын жүзеге асыруда маңызды роль атқарады.
– Транзиттік контейнерлік тасымалдың «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі арқылы өтетін жүктің 60 пайыз трафигі Ақтөбе облысы арқылы өтеді. Мәселен, 2016 жылдың 7 айында өткен 2015 жылғы кезеңімен салыстырып қарағанда 138 пайызға контейнер пойызы артық жүріп өтсе, қозғалыс жылдамдығы 10,6 пайызға көбейген, – дейді филиал басшысы