Жаз – мектеп оқушыларының тынығып, дем алатын кезі. Оқушылардың жаз қызығын асыға күтетіні де сондықтан. «Балақай» балалар сауықтыру кешенінде семейлік теміржолшылардың балаларының  шат-шадыман күлкісі естілгенінің куәсі болдық. Облыс орталығы Өскеменнен солтүстікке қарай жапырағы жайқалған жасыл шырша мен қатарласа өскен қарағайлар жарыса сап түзеп, жалпақ орманға айналады да, жүз шақырымнан кейін айна көлі жарқыраған атақты «Голубой залив» шипажайына апарады. Осы көлдің жағасынан орын тепкен «Балақай» сауықтыру кешенінің директоры Любовь Андреевна Долгих биылғы жұмыстың ұйымдастырылуына риза екен.  – Теміржолшылардың ұйымшылдығы биыл да байқалды. Балаларды керек-жарақ, құжатымен шашау шығармай жеткізді, қауіпсіздік шараларын бірінші кезекке қойған. Біз де өз тарапымыздан осында болған 15 күнде балалардың дұрыс тынығып, жан-жақты сауығып қайтуына жағдай жасауға тырысамыз. Ойын баласының ішіп-жеуі жеткілікті болуы күнілгері кеңінен ойластырылған, әрі арзан. Күніне 5 рет тамақтанады. Төсек-орын жайлы да тап-таза. Түрлі ойындар мен байқаулар ұйымдастырамыз, әркімнің бейімі мен талантына сай түрлі спорттық жарыстарға тартып, хорда тұрып ән салуға дағдыландыру, тапқырлыққа, талаптылыққа үйрету, қысқасы, балалар уақыттарын көңілді де тиімді өткізетін болады, – дейді ол.   Жеткіншектердің демалысын ұйымдастыруға жауапты жанның бірі Семей жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ комитетінің төрағасы Асхат Жармұхамбетов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың әрқайсысына аналарындай қамқорлық жасап жүрген кадр бөлімінің мамандары Аяулым Оралова мен Ардақ Тергемесованың еңбегін атап өтті. – Бірінші маусымға 30 бала жібердік. 15 бала желі бойында тұратын жұмысшылардың отбасынан. Шілденің 26-сы мен тамыздың 8-і аралығында Алматы облысында орналасқан «Спутник» сауықтыру лагеріне демалып келуге тағы 119 балаға жолдама бөлініп отыр. Балақайлардың жазғы каникулын қызықты етіп ұйымдастыру – міндетіміз, – дейді ол.

Ерлан Ғазез, Семей–Өскемен