Тәңірберген АРҒЫН
«Нұрлы жол» жобаларымен танысты
Оқуға 2 мин
Таяуда Алматы облысында Алматы – Талдықорған автожол бөлігінде баспасөз туры болып өтті. Шараның негізгі мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамды инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген жобасының жүзеге асырылу барысымен таныстыру көзделген.
Өткен жылы республикалық маңызға ие автомобиль жолдарының торабын дамытуға 174 млрд теңге бөлінсе, оның ішінде 41,2 млрд теңге Алматы облысына қарастырылған. Ол жалпы бюджеттің 24 % құрайды екен. Биылғы жылы жалпы автожолға республикалық бюджеттен 234 млрд теңге межеленсе, оның ішінде Алматы өңіріне 47,8 млрд теңге жұмсалады деп жоспарлануда.
Ағымдағы жылы 306 шақырым автожол бойында жұмыстар жүргізілсе, 265 шақырым жол қайта қалпына келтіріліп, 41 шақырым жолға орташа жөңдеу іс-қимылдары жүзеге аспақ. Жыл соңына дейін, 98 шақырым жаңартылған автожол пайдалануға берілмек. Ол үшін 946 дана техника мен 1767 адам жұмысқа тартылған.
Сондай-ақ, Дүниежүзілік банктің қарыз беруі арқылы Алматы – Қорғас автожол бөлігінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқаны хабарлануда. Құрылыс жұмыстарын Қазақстанның «Қазақжолқұрылыс», «К-Жолқұрылыс», «Найза-Құрылыс», түріктердің «СинеМидасСтрой», итальяндықтардың «Тодини» сияқты белгілі компаниялары, сонымен қатар, жергілікті «Талдықорған жолдары», «Қапшағай көпіржасағы» және басқа да компаниялар атқаруда. Жолды қайта қалпына келтіруге қолданатын материалдардың 90% отандық өндірушілердің өнімдері болып табылады екен.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ұлттық операторы инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылға дейін жалпы құны 2,6 трлн теңге болатын 7 100 шақырым жолды құрылыс-жөңдеу жұмыстарымен қамтуды болжауда.