Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Барлық өтініш қанағаттандырылған
Оқуға 1 мин
Ұлттық компанияның қызметтік саясатының басымды бағыттарының бірі –өз қызметкерлерін, қатардағы әрбір теміржолшыны, тіпті, зейнеткерлікке шыққан сала ардагерлерінің де әлеуметтік ахуалын жіті назарда ұстап, қажетті жағдайда көмек жасау екендігі белгілі.
Бұл ретте Семей жол бөлімшесі бойынша да ілкімді жұмыстар жасалынған.
Бір ғана мысал, ағымдағы жылдың алты айында арнайы құрылған комиссия 19 өтініш бойынша теміржолшылардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсарту бойынша тиісті қаражат бөлуге шешім қабылдапты. Яғни, келіп түскен барлық өтініштер уақытында қанағаттандырылды деген сөз. Бұл орайда жалпы сомасы 170 000 теңгенің ақшасы қызметкерлер игілігіне жұмсалған. Бір бұл емес, жұмыс істемейтін зейнеткерлерге де 80 мың теңге көлемінде материалдық көмек берілген екен. Бөлімшеде жүзеге асып жатқан бұдан өзге де әлеуметтік жәрдем түрлері жетерлік. Атап айтсақ, Ұлттық компания тарапынан бірқатар зейнеткерлер мен қызметкерлер республикамыздың әр түкпіріндегі шипажайларда уақыттарын тиімді өткізіп, денсаулықтарын нығайтып қайтты. Айта кетерлігі сол, қазіргідей қаржылық дағдарыс уақытында да «С.Сейфуллин», «Мойылды», «Рахман қайнарлары» демалыс үйлерінде емшара қабылдап қайтқандар саны жылдағыдан кеміген жоқ.
Әлеуметтік ахуал дегеннен шығады. Жыл басынан бері өңірлік салалық комиссияның төрт мәрте отырысы өтіп, онда жаңадан жұмысқа қабылдау бойынша қаралған 20 өтініш хат бөлімше басшылығы тарапынан қанағаттандырылған екен.