Райхан Рахметова, Астана
Қоғамдық қабылдау өтті
Оқуға 2 мин
Астана қалалық Кәсіподақ орталығының кезекті қоғамдық қабылдауы теміржолшылар мәселелеріне арналды. Ата заң мерекесі қарсаңында өткен қабылдауға мәслихат депутаттары, қалалық прокуратура өкілдері, мемлекеттік еңбек инспекторлары, теміржолшылардың кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері және басқа да құзырлы органдар өкілдері қатысты.
Астана ірілендірілген жол дистанциясының кәсіподақ комитетінің төрағасы Асылхан Тоқтыбаев темір жолдағы бірқатар өзекті жайларды ортаға салды. Атап айтқанда, Астана вокзалы маңындағы Сарыбұлақ өзен арнасының тұсында орналасқан көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығының тазалық талаптарын сақтамай, арнаны қоқыстармен толтыруынан су ластанып, әрі өз ағысымен ақпаған су қысыммен жиналып келіп, сол маңдағы темір жол бойын шайып кету қаупі бар екенін жеткізді. Сонымен қатар Қарасай батыр көшесінде №36 мектеп тұсындағы жолдан солға қарай бұрылуға қажет бағдаршамды реттеу мәселесі көтерілді. Бұл көшеде бірқатар темір жол мекемелері орналасқандықтан олар өздері күн сайын жүретін жолдың қиындықтарын, қауіпсіздік мәселесін ортаға салды. Бағдаршам қою мәселесі Қонаев көшесінің бойындағы «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас ғимараты алдындағы жолда да өте маңызды. Өйткені мұнда әсіресе қатты нөсер жаңбырда жолды су басқанда көлік жүрісі бей-берекетсізденіп, бағдаршаммен реттеу қажеттілігі туындайды.
Тағы бір өзекті жайт – жол монтерлерінің жалақысын көтеру мәселесі болды. Қаһаған қыс мен аптап ыстықта желдің өті, күннің астында жүретін жолшылардың айлығы соңғы 4 жылда көтерілмеген. Бұл да қоғамдық қабылдауда назарға алынды.