Ұлан Ораз
Қауіпсіздік шараларына қырағы
Оқуға 2 мин
Астана Ірілендірілген жол дистанциясында жыл басынан бері өткен 7 ай ішінде өндірістік және өндірістік емес жарақат алу оқиғаларына және өзге де апатты жағдайларға жол берілген жоқ.
Қауіпсіздік шараларын алдын ала уақытылы өткізудің арқасында оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Дистанцияның қауіпсіздік және еңбек қорғау инженері Қырмызы Махамеджанованың айтуынша, адам басу оқиғаларын болдырмау мақсатында бірқатар профилактикалық жұмыстар жасалған. Атап айтқанда, «Теміржол аймағында жүру ережелері» тақырыбында жол бойында орналасқан елді-мекендердің 570 тұрғынымен 27 кездесу ұйымдастырылған. Сонымен қатар, оқу орындарында 14 рет түсіндіру жиыны өткізіліп, оған 1987 адам қатысқан. Желілік тәртіп сақшыларымен бірлесе 8 рет рейд өткізіп, соның барысында 2 жол бұзу фактісі тіркелген. Филиалдың 1400 жұмысшысына теміржолда жүру ережелері туралы 22 техникалық сабақ өткізілген.
–Биылғы жылға еңбек қорғау және жағдайын жақсарту мақсатында 35 шара ұйымдастыру жоспарланған болса, соның 10 шарасын өткізіп қойдық. Сондай-ақ осы жылы 11 жаңа жұмыс орны аттестациядан өткізілмек. Бұл жағынан М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясымен келісім-шарт жасалып, аттестацияны дер кезінде өткізу қолға алынуда. Сонымен қатар бізде зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 130 адам бар, олар күн сайын сүтпен қамтамасыз етіліп отыр. Ендігі үлкен шара - алдымызда күзгі комиссиялық тексеру келе жатыр. Бұл науқанда да біздің жұмыс ауқымымыз арта түседі. Басты мақсат – қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келетін мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды уақытында шешіп отыру, - дейді Қ. Махамеджанова.