«Жолаушылар тасымалы» АҚ кыркүйектен бастап «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойыздарының «Турист», «Бизнес» және «Гранд» вагондары бойынша 40%-ға дейін жеңілдіктер жариялап отыр. Бұл туралы аталған қоғамның баспасөз-қызметі хабарлауда. Бұл жеңілдіктер №19/20 "Астана – Атырау", №49/50 "Алматы-2 – Ақтөбе", №89/90 "Астана –  Қызылорда", №69/70 "Алматы-2 – Защита", №77/78 "Алматы-2 – Атырау", №79/80 "Астана – Шымкент", №1/2 "Алматы-2 – Астана", №701/702 "Алматы-2 –  Петропавловск", №67/68 "Астана – Защита", №87/88 "Астана – Ақтөбе" бағытындағы жүрдек жолаушылар пойыздарының «Турист» санатындағы вагонына 20-30%, «Бизнес» пен «Гранд» вагондарына 20, 30, 40%-ға  дейін жасалмақ. Аталған пойыздарға тарифті икемді реттеу бағдарламасы енгізілген. Яғни билетті неғұрлым еретерек сатып алсаңыз, ол соғұрлым арзанға түседі. Мәселен, алдын ала қам жасасаңыз, билетті 35 пайызға дейін арзанға алуға болады. Ал пойыздың жүретін күні жақындаған сайын билет құны да өсе түспек. Демек, жаңа жеңілдіктерді есептегенде, жолаушы алдын ала билет алса, 60 пайызға дейінгі жеңілдікке қол жеткізеді. Сонымен қатар, бұдан бұрын енгізілген жолаушылардың төмендегі топтарына арналған дисконтты карталардың да күші сақталып отыр. «Құрмет» – 60 жас пен одан ересек адамдар үшін 30%; «Жастар» – 16-25 жас аралығындағы жастар үшін 30%; «Саяхатшы» – тұрақты жолаушылар үшін 10%-дан 20%, «Ардагер» – Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері үшін 99%;«Ардагер+» –  Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар үшін 50%;«Қамқор» – мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін 50%; «Ардақты ана» –   «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иегерлері үшін 30%. Қосымша ақпаратты 8(7172) 600-249, 8(7172) 600-178 телефондары немесе «105» бірыңғай анықтама қызметі арқылы алуға болады.

Нұрбек БЕКЕН