Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесінің директоры, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Аманкелді Арысбаев өз сайлаушыларымен кездесіп, олардың арасынан әлеуметтік көмекке мұқтаждарға өз есебінен көмек көрсетті.   Сайлаушы тұрғындармен аулада кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдап, әлеуметтің көкейіндегі сауалдарын тиісті орындарға жеткізіп, оң шешілуін назарда ұстайтындығын білдірген облыстық мәслихат депутаты А.Арысбаев саналы ғұмырын шойын жол саласына арнаған 94 жастағы теміржолшы зейнеткер София Құлымбетованың және тағы бір мүгедек жанның отбасына  барып, олармен әңгімелесіп, сый-сияпат жасады. – Бүгінгі сайлаушылармен кездесуде, олардың тұрғын жайларының жөндеу керектігін көрдім. Олардың әлеуметтік тұрғыда қойылған сауалдарына жауап беруге тырыстым.  Алдағы күндері тұрғын үйлердің жайы туралы  мәселелерді үлкен жиналыстарда көтеріп, құзырлы орындар тарапынан оң шешілуіне атсалыспақ ойым бар, себебі, пәтер иелері кооперативінің жұмыстарына қозғау салу қажеттігі туындап тұр, – деді облыс мәслихат депутаты.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда