Бүгін Астанада «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның бас ғимаратында «Дамыған машинақұрастыру – бәсекеге қабілетті Қазақстан» тақырыбында Қазақстан машинақұрастырушыларының IV форумы болады деп күтілуде. Әлемнің 20 елінен жеті жүзден астам делегат қатысатын бұл форумның мақсаты, Қазақстанның машинақұрастыру саласының мүмкіндігі мен өсімін көрсету ғана емес, саланың әлем бастаған көшбасшыларын ынтымақтастыққа тарту, машинақұрастыру саласын қолдау шараларын талқылау, технологиялық даму мен инвестициялар тарту, отандық өндірістің өсім құралы ретінде, экспортқа бейімделген және импорталмастыру мәселелерін қарастыру болып отыр. Форум шеңберінде, Теміржолшылардың әкімшілік ғимаратында темір жол және қорғаныс машина құрастыру бағыттары бойынша салалық секциялық жиналыстар өтетін болса, ал бес бағыт бойынша, яғни мұнайгаз, тау-кен, ауылшаруашылық, автомобиль және электротехникалық машина құрастыру салаларына қатысты отырыстар «Hilton Gаrden Inn» қонақ үйінде өтеді деп межеленген. Бұл жиындарға  орталық және жергілікті билік органдары, білім және ғылым, Қазақстан мен шетелдік сала кәсіпорындары өкілдерімен қатар Қазақстанның машина құрастыру өнімдерін тұтынушылар қатыспақ. Бұл форум іскерлік байланыс орнатудағы ашық диалог алаңы болмақ.

Ислам ТАЛҒАТ