Ерман Әбдиев, Аса
Қазфосфатқа қызмет көрсетеді
Оқуға 2 мин
Жамбыл темір жолына қарасты Аса станциясы екінші класты жүк станциясы болғандықтан, мұндағы жұмыстардың дені – жүк арту, жүк түсіру. Еліміздегі ең ірі химия өндірісі орны болып табылатын «Қазфосфат» ЖШС-не қарасты Завод станциясындағы жүк пойыздары тоғысының кептелісін реттеп, тығыз жұмыс жүргізіп отыр.
Станция аумағы 12 шақырымды қамтиды, яғни Аса станциясы мен Завод станциясының аралығы осынша. Осы аралықта станцияда пойыздар қабылданып, жөнелтіледі. Мұндағы жұмыс көлемі жыл он екі ай ауқымды.
– Химия өндірісінің ірі ошағы «Қазфосфат» ЖШС-де алты мың жұмысшы еңбек етеді. Сары фосфор, сондай-ақ фосфордың сан түрі мен шлак, гипс кені өндіріліп тасымалданады. Шамамен күндігіне орта есеппен алпыс вагонға жүк тиеліп, алпыс вагоннан жүк түсіріледі. Станцияда штаттық кестеге сай 25 теміржолшы еңбек етеді. Қауіпсіздікті еңсеруде ауқымды жұмыстар атқарылып отыр. Әсіресе, Станция бастығы күні әсіресе қауіпсіздік мәселесі кең талқыланады. Өйткені, жүк түсіріп-тиеу жұмысы қайнап жатқан жерде қауіпсіздік басты талап.
–Кемшіліктерді жойып, олқылықтарды дер кезінде орнына келтіріп отырудан бөлек, жолдардың жағдайын да назарда ұстап, бағыттаушы бұрмалар, байланыс бәрі-бәрін бақылауда ұстау қажет. Өзіңіз байқап тұрғандай, станция аудан орталығы Аса ауылының дәл ортасында орналасқан. Сондықтан, станция басында малдың ауа жайылуы және жаяу жүргіншілердің өткелдерден өту ережелерін бұзуы бойынша бізде де проблемалар баршылық, бұл тұрғыда жергілікті билік өкілдерімен, аудан әкімдігі, құзырлы сала қызметкерлерімен ұдайы жұмыс жүргізудеміз. Жолаушы тасымалына қатысты, қала маңы тасымалы бойынша Жамбыл – Жаңатас бағытындағы жолаушылар пойызы таңертең Таразға қарай және түс ауа беске таман Жаңатасқа қарай өтеді. Тоқтау уақыты екі минут. 15-20 шақты жолаушылар күнделікті осы станция басынан мінеді, – дейді Аса станциясының бастығы Нұрлан Қазбеков.
Станцияда соңғы жылдары жастар легі көбеюде екен. Олардың қатарын соңғы бес жылдың көлемінде станция кезекшісі жанындағы оператор Қуанышбек Шубаев, станция кезекшісі Алмаз Тұрысбеков, вагон қараушы Жандар Есмұрзаев сынды болашағынан үміт күттіретін жас мамандар толықтырған.