Айзада МҰХТАР
Кеден бекеті қолданысқа өтті
Оқуға 1 мин
Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен бастап, «ҚТЖ» ҰК» АҚ жаңа терминалын салып жатқан Астана әуежайында, елорда арқылы келіп түсетін жүктер мен тауарларды кедендік рәсімдеуге арналған кеден бекетінің ғимараты пайдалануға енгізілгені хабарлануда.
Аталған нүкте елордалық әуежайда кедендік рәсімдерден өтуді оңайлату мақсатында құрылған. Ғимараттың ауданы 270 шаршы метрді құрауда. Кеден қосынында келушілер үшін қызмет көрсетуге ыңғайлы электрондық кезек қарастырылған. Ресепшен аймағында келушілерді қызықтыратын мәселелер бойынша кеңес беретін мамандар үнемі қызмет көрсетуге дайын екені айтылуда. Бұған байланысты «open space» қызмет көрсету жүйесі қарастырылған.
Кеден бекеті жүк инфрақұрылымын дамыту жолындағы жобалардың бірі ретінде жасақталған. Әуежай басшылығының келешек уақытқа арналған жоспарында жаңа кеңсе және қойма жайларын, жүк терминалы қызметін тұтынушыларға жалпы қолжетімді ету жолымен жүк тасымалының көрігін қыздыру көзделген. Екінші қадам – тексеру, өткізу бекетін жүк терминалы артына көшіру. Осылайша, нысан клиенттер үшін кедергісіз болмақ. Сонымен қатар, деректерді өңдеу, кедендік құжат айналымы жағынан тұтынушылардың Астана әуежайымен өзара әрекет етуі жеңілдетілмек.
Астана әуежайының жүк инфрақұрылымын дамыту елордада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге әуежайды дайындаудағы маңызды қызмет қыры болып саналуда. Ұлттық компания Орталық Азияда ірі хаб қалыптастыру үшін жүк және жолаушылар инфрақұрылымын бұдан әрі дамытуды жалғастырмақ.