Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Модульдердің игілігі мол
Оқуға 1 мин
Семейде жол шаруашылығында еңбек ететін теміржолшылар үшін демалыс үйлеріндегі қолайлылық арттырыла түсуде. Дистанция бойынша жекелеме станцияларда қосымша модульдер салынды.
Мәселен, Дегелең станциясында және 297 шақырымда орын тепкен «Блок пост» жол айрығында дәл осындай нысандар салынды. Бұл шараның берер тиімділігі сол, уақыт пен жанармай үнемделеді. Яғни, жұмысшы пойызын желі бойына шығармай-ақ, жолшылар қаладан барып, апта бойы аталмыш модульдерде қона жатып, еңбек етуге мүмкіндік алуда.
Жолшыларға арналған осынау стандартты тұрақжайларда ауыз су, душ, тоңазытқыш, теледидар, жаз мезгілінде салқындатқыш тәрізді тұрмыстық қажеттіліктер бар. Іссапардағылар үшін барлық қолайлылық жасалған.
–Жол шаруашылығында еңбек ететін теміржолшылар үшін әлеуметтік тұрғыдан қолдау жасау бірінші кезекте тұр. Бұл ретте аталмыш сала бойынша позитивті жаңалықтар қатары мол, – дейді пікір білдірген Семей магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Талғат Еспанов.
Желі бойындағы елсіз жерлерге көп жағдайда жастардың барғысы келе бермейді. Сол себепті, іссапармен қатынап, қона жатып жұмыс істеу тиімдірек болып тұр. Ал өзге станцияларда жолшылар қосыны жеткілікті болғандықтан қосымша модульдер алудың қажеттілігі жоқ екен.