Райхан РАХМЕТОВА
«Денсаулық» пойызы Ақтөбеден аттанды
Оқуға 1 мин
Кеше Ақтөбе станциясынан «Денсаулық» медициналық пойызы кезекті сапарға шықты.
Облыстың 8 станциясына тоқтап, темір жол бойында тұратын шалғай елді мекендер тұрғындарына қызмет көрсететін пойыз дәрігерлерінің жолдағы сапары 28 қазанға дейін жалғаспақ. Аталған пойыз биыл «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ ұйымдастырған «Медициналық пойыздар» жобасы аясында жолға шыққанын атап өту керек.
Пойыздың Ақтөбеден шыққаннан кейінгі алғашқы станциясы Алға, әрі қарай Қандыағаш, Жем, Мұғалжар, Шалқар, Темір, Никельтау, Хромтау станцияларында 2-3 күннен тұрақтап, пойыз құрамындағы диагностикалық вагон дәрігерлері халыққа денсаулықтарына байланысты түрлі ауру түрлері бойынша жан-жақты көмек көрсетпек. Науқастарға ауруларына қатысты кеңестер және емін жалғастыру үшін жергілікті емдеу орындарына жолдама берілетін болады.