Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау
Айлық есебі тыңдалды
Оқуға 2 мин
Аптаның сейсенбі күні Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясы директорының СОБ жөніндегі орынбасары Сәкен Қосымов төрағалық еткен жиында аға электромеханиктер мен телім басшыларының айлық есебі талқыланды.
Олар тамыз айында шыққан бұйрық негізінде құрылғыларды қысқы науқанға дайындап, келесі көктемге дейін ұқыпты ұстау, СОБ құрылғыларының жасалу қызметіне талдау жүргізу, ақаулықтар мен бұзылу жағдайларына жол бермеуді әңгіме арқауына қосып, әр бекетте қанша белгі тексерілді, қалай тексерілді, электр қозғалтқыштар соңғы рет қашан ауыстырылды, жұмыс барысы белгіленген кестеге сай жасалып жатыр ма, аға электр механиктердің қазан айына арналған жұмыс жоспарлары қандай тақылеттес сауалдарға бірлесе жауап іздеді. Жиында электромеханиктердің тапсырылған іс-шараларды сапасыз орындайтындығы, тіпті кей кездерде жасалмаған жұмыстар туралы жалған ақпар беретіндіктері сынға алынды.
─ Ай сайын аға механиктер мен телім басшыларының басын қосып, станция басында және шалғай бекеттерде қандай мәселе туындағанын, ақаулар барын анықтап, солардың орнын түзетуге жұмыстанамыз. Пойыздық және маневрлік жұмыстарда ақаулықтар мен жұмыс өндірісі ережелерінің бұзылуына әкеп соғарлық жайттарға байланысты іс-шара өткізіп, себеп-салдарына үңілеміз. Кейбір кездерде ток мөлшері азайып, біздің құрылғыларымыздың жұмыс жасауына кедергі келтіріп жатады. Сондай жағдайларда Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясы басшыларына хабарлап отырамыз, – дейді Сәкен Жолдыбайұлы. Оның айтуынша, осы айда СОБ құрылғыларынан ешқандай ақау жіберілмеген. Алайда, қыркүйек айының 18-і күні Өзен станциясы бақылаусыз қалып, станция қолмен басқаруға өтіпті. Бопай станциясында үздіксіз қуат көзі қондырғысының аккумуляторы істен шыққан. Ал, 11 бекет пен 12 бекет аралығында, Үстірт станциясы мен 5 бекет аралығында, Маната бекеті мен 9 бекет аралығында ЦАБ-АЛСО кабельдеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 5 бекеттің жұп және тақ кіріс бағдаршамының батарейлік жәшігі ауыстырылыпты. Сол сияқты бекет аралықтарындағы литерлік белгілер жаңартылып, СОБ қондырғыларын қыс мезгіліне дайындау жалғасуда. Яғни, Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясы теміржолшыларының қысқы маусымға бүгінгі дайындықтары 85 %-ға орындалып тұр.