Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Ұлт бірлігі – ел тұрақтылығы
Оқуға 2 мин
«Теміржол» партия филиалы ҚР халықтарының тілдер мерекесі күніне орай «Ұлт бірлігі – ел тұрақтылығы» тақырыбында Сыр өңіріндегі темір жол мекемелерінде жұмыс жасайтын этнос өкілдерімен бірігіп дөңгелек үстел өткізді.
Жиын барысында техникалық кітапхана қызметкерлері «Тіл – рухани мәдинеттің негізі» атты кітап көрмесін ұсынып, келген қонақтарға библиографиялық шолу жасады. «Нұр Отан» партиясы «Теміржол» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаева «Қазақстан халқының тілдері күні мерекесімен құттықтап, бүгінгі жиынның мақсаты – ұлттық қарым-қатынасты, сыйластықты нығайту екенін атап өтті. Дөңгелек үстел барысында жастар жағы еліміз үшін үш тұғырлы тіл саясатының маңыздылығын сөз етсе, аға буын өкілдері тіліміздің мәртебесін көтеру, оның шұбарлануын болдырмау, ел болашағы қазақ тілінде екендігі жөнінде мағыналы түсініктер берді. Ал, өзге ұлт өкілдері екі тілді білуіміз, сол елдің мәдениетін түсінуге ықпал ету десті. Сондай-ақ, олар өз ана тілінен бөлек, қазақ тілін қалай меңгергені туралы әңгімелеп, жеке тәжірибелерімен бөлісті. «Вагон сервис» мекемесінің техникалық жолаушылар паркінің ағаш ұстасы Александр Воробьев: «Негізі адам баласының бақытты болуы екi нәрсеге байланысты. Бiрі – алған жарыңның жақсы болуы болса, екiншiсi – мамандығыңды адаспай табу. Осы екi бақыттың да кiлтiн табуыма қазақ тiлi себепкер болды. Қазақ халқының дархандығы мен бауырмалдығының арқасында көп ұлт пен ұлыс Қазақстанда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Қазақ халқына алғысым шексіз. Өзім қазақы ортада өстім, қазақтың қызына үйлендім. Балаларымның есімдері Аман, Есен, Бекен, Диас. Мен қазақ елінде туғаныма қуанамын, қазақ тілін, ділін, мәдениетін құрметтеймін, – деді.
Расында, Сашаның шын жүректен шыққан сөздері көпке үлгі-өнеге боларлық. Ұлттың бірлігінен ел тұрақтылығы нығая түседі. Жиынға келген қазақ, орыс, өзбек, мордва, украин өкілдері өз ана тілдерінде өлең жолдарын оқып, бір-біріне мерекелік көңіл күй сыйлады.