Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі аумағында орналасқан Шалқар – Тассай жол телімі пайдалануға берілгелі екі жылдың ішінде 9 миллион брутто-шақырым жүк тасымалданған. Бұл туралы жергілікті жүк тасымалы бөлімшесі хабарлап отыр. Құрылыс аяқталған алғашқы жылы Шалқар – Тассай аралығымен 89 жүк пойызы өтсе, былтыр 1500-ға тарта пойыз немесе 82 мыңнан астам вагон өтіп, 5 миллион брутто/тоннаға жуық жүкті тасымалдаған. Осы жылдың сегіз айында Шалқар мен Тассай жол телімі арқылы 1232 жүк пойызы (69 мыңнан астам вагон) жүріп өтіп, 4 миллион брутто/тоннадан астам жүк жеткізіпті. Жалпы, аталған жол аралығы іске қосылғалы, 3 мыңға тарта жүк пойызы жолға шыққан. Олардың жартысынан астамы жұп пойыздары, 1300-ге жуығы тақ пойыз құрамдары. Екі жылдың ішінде 156 мың вагон өтіп, 9 миллион брутто/тоннадан астам жүк жеткізген. Негізінен, жүктің басым бөлігін құрылыс материалдары, соның ішінде қарт Мұғалжар тауларының баурайынан өндірілетін қиыршық тас құрауда. Биыл «Алматы – Маңғыстау» бағытындағы алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты, араға санаулы күн салып, қала маңы пойызы да жолаушылар мен жұмысшыларды тасымалдай бастады.

Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе