«Жамбыл-Жаңатас» теміржол бағытымен пойыз қатынай бастады
1 желтоқсаннан бастап «Жамбыл-Жаңатас» теміржол бағытымен пойыз қатынай бастады.
Ұзақ мерзімді субсидиялауға жататын әлеуметтік маңызы бар бұл жобаны Жамбыл облыстық бюджетінің қаражаты есебінен «Қаламаңы тасымалы» АҚ мекемесі жүзеге асыруда. Мамандардың айтуына қарағанда, әлеуметтік маңызы бар бағытқа қызмет қыс мезгілінде, тек желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында көрсетіледі. Пойыз бейсенбіден басқа күндері күнделікті жүреді. Тараз қаласының теміржол вокзалынан 16.20-да жөнелтілетін пойыз Қаратау қаласынан сағат 19.26-да шықса, Жаңатас қаласындағы станцияға сағат 21.50-де жетеді. Ал аталған пойыздың Жаңатас қаласынан шығу уақыты 05.00де, Қаратау қаласынан 07.36-да және Тараз қаласына келу уақыты – 10.22. Пойыз жол бойы Бурыл, Шайқорық, Аса, Жұма, Тамды, Ақтаутас, Табақбұлақ, Шабақты станцияларын басып өтеді.