Асқар Ақтілеу, Ақтөбе
Семинар тақырыбы – түйіспесіз рельстер
Оқуға 2 мин
Ақтөбе жол дистанциясында «Түйіспесіз жолдарды қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру» және «Еңбек қауіпсіздігі мен қорғау жұмыстарын ұйымдастыруда тәжірибе алмасу» деген тақырыптарда екі күндік семинар-кеңес болып өтті.
Алғашқы күні филиал басшылары мен жол және құрылғылар департаментінің менеджерлері сөз алды. Сондай-ақ, Көкшетау мен Арыс, Шу жол дистанцияларының өкілдері өз өңірлері бойынша баяндама жасады.
Шара барысында жол дистанцияларының бас инженерлері мен инженер-технологтары күнделікті жұмыс барысы, қордаланып қалған мәселелер, сонымен бірге олардың шешілу жолдарын талқыға салды. Түйіспесіз жолдарды пайдалану мен ондағы қиындықтар, жалпы қолданыстағы мұндай рельстердің жағдайы да назардан тыс қалмады. Сондай-ақ өндірістік тәжірибе барысын қамтитын видеофильм көрсетіліп, көрнекі құралдардың көмегімен түйіспесіз рельстердің қолданылу барысы туралы түсіндірілді.
Семинардың бір бөлігі еңбек қорғауға арналды. Әсіресе, жол дистанциясының жұмысында еңбек қорғау талаптарының сақталу барысы егжей-тегжей сөз болды. Төрт сағаттық технологиялық «толаскез» кезінде темір жолдың шпалды торларының қуатталу процесі көрсетілді.
Ақтөбе жол дистанциясы директорының орынбасары Дархан Орынбаевтың айтуынша, түйіспейтін жолдар темір жолдың әлемдік тәжірибесінде кеңінен қолданылады. Жолдың динамикалық көрсеткіштерін жақсартып қана қоймай, жөндеуаралық мерзімді ұлғайтуға септігін тигізеді. Жолдарды түйістіруге қажетті қондырғылардың қажеттілігін азайтады.
–Сонымен бірге өтіп жатқан пойыздың дүрсілі азаюы есебінен экологиялық жағдайдың жақсаруы, түйіспесіз рельсті пайдалану барысында темірбетон шпалының бүліну деңгейінің төмен болуы, сондай-ақ түйіспесіз рельстің бір артықшылығы, оны төсегенде бұрын да қолданыста болған рельс-шпал торларының пайдаланылуы болмақ, - дейді дистанция директорының орынбасары.
Шараға қатысушылар теориямен қатар практикалық тұрғыда да жол дистанциясында түйіспесіз рельстердің қолданылу барысымен танысты. Меймандар семинардың екінші күнінде Ақтөбе рельсарқалық зауытының жұмысымен танысты. Шара соңында өзара пікір алмасып, қорытынды жасады.