Мұнайлы ауданындағы "Көңлімқос"медицина орталығы маңғыстаулық теміржолшыларды жылына бір рет мерзімдік медициналық тексерістен өткізеді. Аталмыш емдеу орнына шалғай Өзен, Шетпе, Сай-Өтестен де теміржолшылар көптеп қатынайды.   ─ Теміржол бізбен байланыстағы ең ірі кәсіпорын саналады. Сондықтан ол мекемелерден келген теміржолшыларға біз лайықты қызмет көрсетуге, уақытты созбауға тырысамыз. Таңертең қабылдасақ, түстен кейін қолдарына сараптамасын, денсаулығы бойынша медициналық анықтамасын беріп жібереміз, - дейді орталық директоры Нұрберген Әбіл. Оның айтуынша, келесі жылдан бастап  міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты ғимараттың екінші қабатынан тәулік бойы жұмыс істейтін  20 кереуеттік стационар ашылғалы тұр. Оның ішінде жалпы терапиялық науқастар емделетін болады. Кардиология, пульмонология, гастрэнтерология, неврология мамандықтары бойынша емдеу жүргізілмек.  Қазіргі таңда тәулік бойы жұмыс жасайтын қажетті мамандар  дайындалуда.  Ақ халаттылар жеткізген  бұл жаңалық ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына тарту болмақшы. Мұнда жергілікті халықпен бірге ауруына дауа іздеген кез келген теміржолшыға есік ашық. Тәуліктік стационарға жатып, ем-дом қабылдау әрине, ақылы негізде жүзеге асады. Дегенмен, бүгінгі күні түйткіл тудырып жүрген портал мәселесі шешімін таппақ.   

Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау