Өткен апта соңында тоқтаусыз жауған алғашқы қар жамбылдықтарды әжептеуір әбігерге салды. Рас, төтенше жағдай қызметі өңірде күн суытып, жаңбыр жауып, соңы қарға ұласатынын ескерткен болатын... Бірақ екі кештің ортасында жапалақтап қар жауып, жер-дүниенің бәрін әп-сәтте бір қарыстай қар басып қалады деп ешкім ойламаған еді. Еріп жауған қарды көтере алмай тамырымен қопарылып құлап жатқан ағаштар, сынып түскен бұтақтар көшелерді басып қалып, көлік қоғалысына қиындық тудыруда. Жол бойы үзіліп жатқан желілер де көп, қалада үш мыңға жуық тал құлапты. «ҚТЖ» ЖТ» АҚ филиалы – ЖТ Жамбыл бөлімшесінің Бас инженері Асылхан Тайлақбаевтың айтуынша, қала әкімдігі теміржолшылардан көмек сұрап, жамбылдық теміржолшылар қаланың коммуналдық қызметіне көмекке келген. Техника жағынан және көшені тазартуға қосымша күш жіберілген.  Жалпы, әу бастан-ақ теміржолшыларға бекітілген облыс орталығындағы магистральді көшенің бірі – Байзақ батыр көшесін тазалауды теміржолшылар,  қар жауған күні-ақ бастаған болатын. Одан басқа станция мен вокзал қызметкерлері өз аумағын тазартты.  –  Күннің райын алдын ала болжай отырып, Жамбыл станциясының басында күндіз-түні сексен адам кезекшілікте тұрды. Алғашқы қар қалың жауды. Дегенмен, пойыздар қозғалысына еш кедергі болған жоқ. Мамандар өздеріне бекітілген учаскелерді бақылауға алып, мекеме басшылары кезекшілікті күшейтті. Жүк және жолаушылар пойыздарының кестесі бұзылған жоқ. Электр және байланыс құрылғылары бойынша ақаулар болды. Дегенмен, ол олқылықтар тез қалпына келтіріліп отырды. Бізде қысқа дайындық жүз пайыз деп айтуға негіз бар. Өйткені, алдында ғана өткен күзгі комиссиялық байқау кезінде бұған көзіміз жетті, – дейді Жамбыл магистральдық  желі бөлімшесінің директоры Қайрат Сазаев.

Арсен Байзақ,

Тараз